KazNARU-да «АГРОБИОРЕСУРСТАР ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАС ҒАЛЫМДАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
2026 жылғы 12–13 қарашада Ұлттық ғылым академиясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті. Екі күндік басқосуға әлемнің 35-тен астам елінен 1 000-нан аса зерттеуші қатысты.
12 қарашада түске дейін Конгрестің пленарлық отырысы, түстен кейін «AI for Science: ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» пленарлық форумы өтті. Екінші күні Конгресс жұмысы Алматының алты университетінде бес ғылыми бағыт бойынша жалғасты.
13 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) «Агробиоресурстар және экология» атты ғылыми конференция өтті.
Конференция KazNARU-дың бас ғимаратындағы Ситуациялық орталықта аралас форматта – офлайн және онлайн өтті. Оған Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының, сондай-ақ Ресей мен Иранның жас ғалымдары қатысып, 18 баяндама тыңдалды. Сессияны ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Шәкәрім университетінің Инновацияларды дамыту орталығының директоры Әділет Сүгірбай жүргізді.
Сараптамалық сессияда «Сириус» ғылыми-технологиялық университетінің (Ресей) ғылыми тобы жетекшісінің орынбасары Надежда Молокитина газ гидраттарын экологиялық тәуекел және технологиялық серпіліс тұрғысынан қарастырды. Осы университеттің аспиранты Анна Шикер микробтық биотехнологиядағы ұтымды стратегияларды және олардың негізгі нәтижелерін таныстырды. USERN халықаралық ғылыми желісінің (Иран) өкілі Марьям Садат Тонекабони ауыл шаруашылығы қалдықтарын жасыл химия тәсілдері арқылы құнды химиялық өнімдерге айналдыру туралы баяндама жасады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Жадырасын Сарқұлова Pennsylvania State University-де (АҚШ) жүргізілген зерттеулер негізінде ластанған топырақты биокөмір мен компост арқылы қалпына келтірудің инновациялық тәсілдеріне тоқталды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Асия Ансабаева ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудағы агроэкологиялық зерттеулердің рөлін талдады. Шәкәрім университетінің ShakarimLab зертханасының меңгерушісі Айгерім Қожаева Орал популяциясындағы киіктердің асқазан-ішек паразиттерінің әртүрлілігі туралы зерттеу нәтижелерін ұсынды. У.М. Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының жетекші ғылыми қызметкері Султан Тажиев жерасты сулары мен Алматы қаласының тұрақты даму мәселелерін қарастырды.
Сессияда Сиверс алмасының зиянкес жәндіктері, майбұршақ пен қытайбұршақ селекциясындағы молекулалық маркерлер, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әртүрлілігі, Қазақстанның қара топырағындағы микроэлементтер мен органикалық көміртек, тыңайтқыштардың суармалы топырақтың агрохимиялық қасиеттеріне әсері, су экожүйелеріндегі полихлорланған бифенилдер, дәнді дақылдарға арналған заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, қала құрылысының морфологиясы мен қалалық ортаның желдетілуі, төмен сұрыпты көмірді биотехнологиялық өңдеу мәселелері де қарастырылды. Секцияның ең жас баяндамашысы – Алматыдағы №134 лицейдің оқушысы Николай Ремер компьютерлік көру технологиясы негізінде өсімдіктердің жай-күйін бағалау жүйесін таныстырды.
III Халықаралық жас ғалымдар конгресінің жұмыс қорытындысы бойынша қарар қабылданады. Онда іс-шара барысында айтылған отандық ғылымды дамыту, озық шетелдік технологиялар трансфері және ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыру жөніндегі маңызды ұсыныстар мен шешімдер бекітіледі. Құжат уәкілетті органдарға және ҚР Құрылтайының депутаттарына жіберіледі. Конференциялар мен пленарлық форумдағы баяндамалардың қорытындысы ретінде III Халықаралық жас ғалымдар конгресінің тезистер (аңдатпалар) жинағы жарияланады.