KazNARU ҒАЛЫМЫ АЛМАТЫ ӘКІМДІГІНІҢ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
KazNARU Халықаралық вакцинология ғылыми-зерттеу орталығы Алматы қаласы әкімдігінің ғылыми жобалар конкурсында жеңімпаз атанды. «Алматының аэробиологиялық мониторингі: аллергенді өсімдіктердің тозаңдану күнтізбесі, қауіп индексі және тұрғындар мен аллергологтарды цифрлық хабардар ету» жобасы конкурсқа түскен 229 өтінімнің ішінен қолдау тапқан 23 жобаның қатарына енді.
Ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар Табынов басқаратын орталықтың ғалымдары Алматыдағы аллергенді өсімдіктердің ғылыми негізделген тозаңдану күнтізбесін әзірлеуді жоспарлап отыр. Ол дәрігерлерге аллергияға себеп болатын аллергендерді дәлірек анықтауға және аллергенге тән иммунотерапияны жоспарлауға көмектеседі. Сондай-ақ ауадағы тозаң мөлшерін талдап, қауіп жоғары кезеңдер туралы тұрғындарға уақтылы хабарлайтын цифрлық ресурс құру көзделген.
Конкурсты Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы, қала әкімдігі ұйымдастырды. Жобалар алдын ала сараптамадан, акселерациялық бағдарламадан өтіп, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңызы бойынша бағаланды. 11 қарашада Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысында қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жеңімпаздарға сертификаттар табыстады.
Орталық ғалымдарының вакцинология және аллергология салаларында мол зерттеу тәжірибесі бар. Олардың маңызды әзірлемелерінің бірі — жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған PollenVax рекомбинантты вакцинасы. Препарат клиникалық зерттеудің бірінші кезеңінен өтіп, 2026 жылы оның тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалауға бағытталған екінші кезеңі басталды.
Жоба «Медцентр-Рахат» ЖШС медициналық клиникасымен және «Аллергологтар, иммунологтар және иммунореабилитологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Ғалымдар мен дәрігерлердің ынтымақтастығы зерттеу нәтижелерін пациенттерге көрсетілетін көмекті жетілдіруге және Алматы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік береді.