KazNARU-да PLATONUS ЖҮЙЕСІНДЕГІ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР САПАСЫН БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ
KazNARU-да «PLATONUS» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және деректер сапасын бақылау тақырыбында ақпараттық семинар өтті.
Семинарды Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бөлімінің «PLATONUS» ААЖ жүйелік әкімшісі Инабат Зейнуллаева жүргізді.
Іс-шараға қабылдау комиссиясының, білім алушыларға қызмет көрсету кеңсесінің, Тіркеуші кеңсесінің және кадр бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында білім алушылар мен қызметкерлердің деректерін жүйеге дұрыс енгізу, ақпараттың толықтығы мен өзектілігін қамтамасыз ету, академиялық мәліметтерді бақылау және жүйедегі қателердің алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау, пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарын реттеу, жеке аккаунттар мен құпиясөздерді қорғау, қателер анықталған жағдайда оларды түзету тәртібіне ерекше назар аударылды.
Семинар университеттің цифрлық жүйелеріндегі деректер сапасын арттыруға, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға және жұмыс үдерістерінің тиімділігін жетілдіруге бағытталды.