«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: «АДАЛДЫҚТЫҢ НЕГІЗІ – ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ» – АЛИК ШПЕКБАЕВ
2026 жылғы 19 қарашада KazNARU-да «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында кездесу өтті.
Шараның арнайы қонағы – мемлекет қайраткері, полиция генерал-лейтенанты Алик Шпекбаев.
Кездесу барысында Алик Жатқамбайұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін ағарту шараларын жүйелі жүргізу, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, қоғамдық бақылауды арттыру және студенттердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажет.
Сонымен қатар мемлекет қайраткері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда отбасылық тәрбиенің орны ерекше екенін жеткізді. Оның пікірінше, адалдық, тазалық, парасаттылық, қадір-қасиет пен мәдениеттілік сияқты адамгершілік құндылықтар бала бойына ең алдымен отбасында, ата-ананың өнегесі мен күнделікті тәрбиесі арқылы сіңеді.
«Адалдықтың негізі отбасынан басталады. Бала ең алдымен ата-анасының сөзі мен ісінен үлгі алады. Сондықтан жас ұрпақты тазалыққа, парасаттылыққа, әділдікке және жауапкершілікке тәрбиелеу – қоғам алдындағы маңызды міндет», – деді Алик Шпекбаев.
Сондай-ақ ол жастармен, студенттермен және білім беру ұйымдарының өкілдерімен осындай ашық кездесулерді жиі өткізу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, еркін пікір алмасу мен өзекті сұрақтарға жауап беру құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Ашық форматта өткен жиын барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қонақпен еркін пікір алмасты. Сондай-ақ қоғамдағы заң үстемдігі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, адалдық, әділдік және заңға құрмет құндылықтарын дәріптеуге бағытталды. Жиын соңында құрметті қонаққа алғыс хат табысталды.