KazNARU-да АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Университеттің студенттері, профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлеріне арналған бұл шара сапалы азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеде отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, сиыр, жылқы және қой еті, балық өнімдері, сүт пен сүттен жасалған тағамдар, шұжық түрлері, табиғи бал, жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шығарылды. Сондай-ақ келушілер құрт, ірімшік, қаймақ, сары май және басқа да күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік түрлерін сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – университет аумағында ұйымдастырылып, студенттер мен қызметкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалуы. Қаладағы сауда орындарына арнайы бармай-ақ, қажетті өнімдерді оқу және жұмыс орнына жақын жерден сатып алу уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал өнімдердің қолжетімді бағамен ұсынылуы білім алушылар мен университет ұжымы үшін маңызды әлеуметтік қолдау болды.
Мұндай жәрмеңкелер KazNARU-да игі дәстүрге айналған. Университеттің әлеуметтік бағыттағы бастамаларының бірі саналатын бұл шара отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға, олардың өнімдерін тұтынушыларға тікелей жеткізуге және сапалы азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Дәстүрлі жәрмеңке университет ұжымының күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, отандық өнімдерге деген сұранысты арттыруға да ықпал етеді. KazNARU алдағы уақытта да білім алушылар мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған осындай игі бастамаларды жалғастырады.