Алматы ипподромында – ұлттық ат спортының дүбірлі мерекесі
МШ-25-01К және МШАТ-26-07К топтарының студенттері топ кураторы Гүлзат Ғабитқызының жетекшілігімен Алматы ипподромында өткен «Ұлы дала ойындары» аясындағы іс-шараға қатысып, ұлттық ат спортының дүбірлі жарыстарын тамашалады.
Іс-шара студенттер үшін танымдық әрі кәсіби тұрғыдан мазмұнды кездесу болды. Шара барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан жылқы мәдениеті мен ұлттық ат спортының дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Студенттер ипподромда ұйымдастырылған жарыстарды тамашалап, ат спортының ерекшеліктерін тікелей бақылауға мүмкіндік алды.
Сол күні студенттер ұшқыр бәйгені ерекше қызығушылықпен тамашалады. Жүйрік аттардың шапшаңдығы, шабандоздардың ептілігі мен жарыстың тартысты өтуі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Ұшқыр бәйге аттың жылдамдығы мен шабандоздың шеберлігін сынайтын ұлттық ат спортының маңызды түрлерінің бірі ретінде қазақтың дәстүрлі жылқы мәдениетімен тығыз байланысты.
Жарысты тікелей тамашалау студенттерге жылқының қозғалыс ерекшеліктерін, дене бітімі мен спорттық қабілеттерінің маңызын тәжірибе жүзінде байқауға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде оқу барысында алған теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастыруға жол ашты.
Іс-шараның кәсіби мазмұнын жылқытанушы ғалым Исхан Қайраттың «Жылқы тұқымдарын асылдандыру әдістері және өнімділік сапасын арттыру» тақырыбындағы семинары толықтырды.
Семинар барысында жылқы тұқымдарын асылдандырудың тиімді әдістері, селекциялық-асылтұқымдық жұмысты ғылыми негізде ұйымдастыру, жылқылардың тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Студенттер жылқы шаруашылығындағы асылдандыру жұмысының маңызымен танысып, сала маманының ғылыми-практикалық тәжірибесінен құнды мәліметтер алды.
Мұндай кәсіби кездесулер болашақ мамандар үшін ерекше маңызды. Себебі студенттер теориялық біліммен қатар, сала мамандарымен тікелей байланыс орнатып, жылқы шаруашылығы мен селекция саласындағы заманауи бағыттар туралы түсініктерін кеңейтеді.
«Ұлы дала ойындары» аясындағы іс-шара қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан жылқы мәдениеті мен ұлттық спорт дәстүрлерін дәріптеуімен ерекшеленді. Ұлы дала өркениетімен тығыз байланысты жылқының тарихы мен ұлттық ат спортының бүгінгі күндегі жалғасын көру студенттерге халқымыздың мәдени мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Студенттер үшін бұл күн тек спорттық жарыстарды тамашалаумен шектелмей, ұлттық құндылықтар мен кәсіби білімді сабақтастырған тағылымды іс-шара болды. Ұлттық ат спортының дүбірін сезініп, жүйріктердің жарысын тамашалау және жылқы тұқымдарын асылдандыру мәселелері бойынша кәсіби семинарға қатысу олардың жылқы шаруашылығына деген қызығушылығын арттырып, болашақ маман ретінде кәсіби дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.