ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙДЫҢ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
2026 жылғы 27 қыркүйекте Алматыда Тарым университетінің мал шаруашылығы саласындағы ғылыми-технологиялық алаңының ашылу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық ғылым саласындағы әріптестікті нығайтуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және заманауи технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған.
Меморандумға Қытай тарапынан Тарым университетінің проректоры Ван Чэнтао және Қазақстан тарапынан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов қол қойды.
Іс-шараға Тарым университетінің ғалымдары мен профессорлары, KazNARU Ветеринария факультетінің өкілдері және Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты. Қазақстан тарапынан ынтымақтастықты дамытуға KazNARU «Клиникалық пәндер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қанат Орынханов пен аға оқытушы Хизат Серік атсалысты.
Келісім аясында тараптар ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану, жемшөп пен азықтандыру технологияларын жетілдіру, мал ауруларының алдын алу, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу және интеллектуалды мал шаруашылығын дамыту бағыттарында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
Ғылыми-технологиялық алаң зерттеу нәтижелерін Қазақстан жағдайына бейімдеуге, тәжірибелік сынақтар өткізуге және озық технологияларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлау, оқытушылар мен білім алушылардың академиялық алмасуын дамыту, халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Аталған бастама KazNARU мен Тарым университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, мал шаруашылығы және ветеринария салаларында білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.