KazNARU: ФРАНЦУЗ МАМАНДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ
19 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне (KazNARU) Францияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Бордо университеті мен NAVI консорциумының делегациясы ресми сапармен келді.
Француз делегациясын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды.
«Қазақстан мен Франция білім беру, ғылым, инновация және тұрақты даму салаларындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ерекше мән береді. Университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бизнес өкілдерінің ынтымақтастығы ғылыми әлеуетті арттырып, білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ ол екі ел арасындағы ғылым мен білім беру байланыстарын нығайтуда БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі өңірлік хабының маңызына тоқталып, оның халықаралық әріптестік пен бірлескен жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Франция делегациясының құрамында энолог әрі микробиология докторы Гильерме Мартинс, инженер-агроном, шарап өндірісінің экономикасы мен маркетингі жөніндегі маман Стефан Баде және энолог, агроэкология жөніндегі кеңесші Альбан де Грот болды.
Альбан де Грот қазақстандық әріптестерімен шарап өндірісін жаңғырту және инновациялық технологияларды енгізу бағытында тәжірибе алмасуға ниетті екенін жеткізді.
«Басты мақсат – шарап өндірісін экологиялық таза, экономикалық тиімді әрі заманауи технологияларға негізделген салаға айналдыру», – деді француз энологы.
Франция мен Қазақстан агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Limagrain компаниясы келесі жылы Қазақстанның солтүстігінде жергілікті климатқа бейімделген астық сұрыптарын әзірлейтін зертхана салуды жоспарлап отыр. Ал француз сарапшылары еліміздің оңтүстігінде шарап өндірісін дамытуға қызығушылық танытуда.
Сапар аясында NAVI консорциумы өкілдерінің қатысуымен екі күндік ғылыми-практикалық семинар басталып, университеттің Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығы базасында жүзім шаруашылығы мен шарап өндірісіне арналған оқу-өндірістік кешен ашылды. Жаңа нысан студенттер мен жас ғалымдардың практикалық даярлығын жетілдіруге, заманауи технологияларды меңгеруге және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Француз сарапшылары университеттің коллекциялық бағында жүзім көшеттерін отырғызу бойынша шеберлік сабағын өткізіп, заманауи агротехникалық тәсілдермен бөлісті. 19–20 қазандағы семинар бағдарламасында бірлескен білім беру жобаларын әзірлеу, жүзім шырыны мен шарапқа зертханалық талдау жүргізу, Франция тәжірибесін зерделеу және өнім сапасын бағалау мәселелері қамтылған. Ал 21–22 қазанда делегацияның отандық шарап өндіруші кәсіпорындармен танысуы жоспарланған.
Бірлескен оқу-өндірістік кешен Қазақстан мен Францияның аграрлық саладағы серіктестігін нығайтып, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге және еліміздегі жүзім шаруашылығы мен шарап өндірісінің дамуына ықпал етпек.