I-CRAFT 2026 АЛМАТЫДА 12 ЕЛДІҢ ҒАЛЫМДАРЫН БІРІКТІРДІ
Алматыда ауыл шаруашылығы және азық-түлік технологиялары саласындағы VI халықаралық I-CRAFT 2026 конференциясы басталды. 22–24 қыркүйек аралығында өтетін ғылыми форумға 12 елден 100-ден астам ғалым мен сарапшы қатысуда.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) Чукурова университетінің (Түркия) қолдауымен ұйымдастырды.
Ғылыми форумда заманауи аграрлық және азық-түлік технологиялары, тұрақты ауыл шаруашылығы, селекция, су ресурстарын басқару, өнімді терең өңдеу, азық-түлік қауіпсіздігі және жасанды интеллектіні ғылымда қолдану мәселелері талқылануда.
Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев аграрлық ғылымды жүйелі трансформациялау қажеттігін атап өтті.
«Жасанды интеллект өсімдіктер мен жануарлар геномынан, топырақ пен жемшөп құрамынан, егістік пен жайылым жағдайынан бастап өндірістік үдерістерге, өнім сапасы мен тұтынушылық сұранысқа дейінгі әртүрлі деңгейдегі деректерді өзара байланыстыруға мүмкіндік береді», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ ол жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге жүйелі енгізуге бағытталған Qazaqstan AI for Science бастамасына тоқталды.
I-CRAFT 2026 халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және тұрақты агроазық-түлік технологиялары саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.