KazNARU

АЛМАТЫ ЖАСТАРЫНЫҢ ТАҢДАУЫ – KazNARU

✅ 2025 жылдың 16 мамырында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты тақырыппен Алматы қаласындағы мектеп бітіруші талапкерлердің басын қосқан кең ауқымды «Ашық Есік» күні болып өтті.

✅ Ресми дерек бойынша, еліміздегі ең ірі оңтүстік мегаполисте орналасқан 216 мемлекеттік және 122 жекеменшік мектепте барлығы 330 мыңнан аса оқушы білім алады. Өз арманына қол созған әрбір жастың болашағын айқындайтын бүгінгі маңызды іс-шараға 500-ден аса жоғары сынып оқушылары қатысты.

✅ Жиналған шәкірттер ғасырға жуық тарихы бар, бүгінде жаңғырып дамыған заманауи университеттің факультеттерінде, оқу аудитрияларында және ғылыми-зерттеу орталықтарында болып, декандардың, профессорлар мен оқытушылардың тікелей өз тарапынан білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері жайлы ақпараттармен танысты.

✅ Қазіргі уақытта ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, КазNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы басқаратын универистет халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылып, QS рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына еніп отыр.

✅ Жастар алдында сөз сөйлеген Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Алатаудың алтын тәжіндей жарқырап жайнаған әсем қала Алматы – мәңгі жастықтың мекені екенін айта келіп, бұл шаһарда еліміздегі әрбір үшінші студент білім алатынын атап өтті.

✅ «Еліміздегі аграрлық салада көш бастаған біздің оқу ордамыз шаңырақ көтергеннен бері 165 мыңнан астам мамандар тәрбиелеп шығарды. Олардың арасынан көптеген белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, үкімет мүшелері, облыс әкімдері, Парламент депутаттары, белгілі кәсіпкерлер өсіп шықты. Басқа университеттер мұндай жетістіктермен мақтана алмайды. Қазіргі таңда бізде 7000-нан аса білім алушылар оқиды. Осы оқу жылында 1600 мемлекеттік грант иегерлері қабылданды. Бұл алдыңғы жылғыдан екі есеге көп. Олардың арасында «Алтын белгі», «Қызыл аттестат» иегерлері мен бірнеше тіл меңгерген алғыр жастар да аз емес. Бұл көрсеткіш университетімізге деген сенімінің нығайғанын білдіреді. Енді сіздердің де араларыңызда KazNARU-ды таңдаған талапкерлердің бар екенін көріп, қуанып отырмыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Әйгілі Абай даңғылының жоғарғы беткейіндегі жасыл желекке бөленген, көркімен талайды тамсандырған ғажайып орталықта бой көтерген оқу ордасы бұл күнде жаңа заман талаптарына сай жаңаша бағытпен даму үстінде. Мұнда шет мемлекеттерден келген 200-ден астам студенттің білім алуы – бұл KazNARU-дың әлемдік қауымдастыққа таныла бастағынының айқын дәлелі. Бүгінгі күні «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты» ҰЗУ Филиалы жұмыс істейді, ондағы студенттер екі университеттің дипломын алып шығады.

✅ Сонымен қатар, KazNARU Алматы қаласындағы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды. 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхана, студенттер үшін Медициналық орталықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін ол пайдалануға берілмек.

✅ Талапкерлер үшін университет жанындағы Әскери кафедраның есігі ашық екенін де атай кеткен жөн, онда запастағы офицерлер мен сержанттар даярланады.

✅ Іс-шара аясында жас өрендер Университет мұражайымен, Вагенинген институты, Өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасы, Қазақстан-Жапон инновациялық және Халықаралық вакцинология орталықтары, Ғылыми-білім беру технологиялық платформасы, «Су ресурстарын басқару» ғылыми орталығы сияқты құрылымдардың қызметімен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауаптар алды. QR-код арқылы сауалнамаға жауап беріп, университет базасына тіркелді. Түстен кейінгі бағдарламада жастар үшін студенттер күшімен арнайы концерт пен би кеші ұйымдастырылды.

✅ Мектеп бітіруші түлектерді бастап келген ұстаздар – Бақтыбаева Бақжамал Каламқызы (Алатау ауданы), Мадышева Ажар Тынышбекқызы (Алмалы), Мустахимов Мақсат Асқарұлы (Әуезов), Қалиева Дильфуза Батырханқызы (Бостандық), Хадиева Альфия Равильқызы (Жетісу), Белағашева Разия Мұхтаров (Медеу);Әуел Зибаш Алмасқызы (Наурызбай), Оразаева Алмагүл Серікқызы (Түрксіб) «Ашық есік» күнін жоғары деңгйде өткізген ұйымдастырушыларға өздерінің ризашылықтарын білдірді.

✅ Іс-шара қарсаңында Университет басшылығы мен Алматы қалалық Білім басқармасының арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник