KazNARU

KazNARU мен ҚЫТАЙДЫҢ ШЫХЫЦЗЫ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағысы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Қытайдың Шыхыцзы университетінен келген делегация мүшелерімен кездесті.

✅ Кездесудің мақсаты – екі университет арасындағы білім беру мен ғылыми байланысты күшейту, екіжақты келісім аясында білім алушылардың өзара алмасу бағдарламаларын жасау, Қазақстандағы ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы қытайлық озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жобаларды бірлесе жүзеге асыру.

✅ Кездесуді ашқан Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстардың дамуына жан-жақты тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Біздің елдерімізге тән ортақ құндылықтар мен ортақ ұстанымды, тарихи тамыры тереңде жатқан мәдени және ғылыми ынтымақтастықты одан ары дамыту – екіжақты пайдалы қадам екенін жоғары бағалаймыз, әрі үнемі назарда ұстаймыз» деген сөзі ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Сондықтан, осындай екіжақты бірлескен кездесулер, озық идеялар мен тамаша тәжірибелермен бөлісу біздерді жаңа биіктерге бастайтынына сенімдіміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ KazNARU екі ел арасындағы аграрлық салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда жетекші рөл атқарады және ауыл шаруашылығының дамуына, су ресурстарын тиімді басқаруға, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға, климаттық өзгерістердің салдарымен күресуге т.б. мәселелерде көптеген ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді.

✅ Бұған дейін де KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев пен Шыхыцзы университетінің Ректоры Дай Бинь кездесіп, екі ЖОО арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын тереңдетуге арналған «Өзара түсіністік туралы Меморандумға» қол қойған болатын. Бүгінде Қытайдың 40-тан астам жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарымен бірлескен бағдарламалар және ғылыми зерттеулерді іске асыру бойынша шарттар қабылданды. Солардың қатарында Батыс Қытайдағы ғылым, білім және инновацияны дамытатын ірі ғылыми-зерттеу орталығы – Шихэцзы университеті де бар.

✅ Өз кезегінде делегация басшысы, Шыхыцзы университетінің «Зоотехния» факультетінің деканы, профессор, профилактикалық ветеринария медицинасы саласының маманы Чжан Хуэй Қытай мемлекетіндегі жоғары оқу орындары арасында жетекші орын алаитын аграрлық білім ордасы туралы баяндап өтті.

«1949 жылы құрылған Шыхыцзы университетінде бүгінде 2700-ден аса қызметкер жұмыс істейді, 32 мыңдай білім алушы оқиды, оның 500-і шетелдік студенттер. Біздің бірлескен ғылыми жобаларымыз болашақта технологиялар трансфертін, аграномия, ветеринария, инженерия, энергетика, су ресурстарын басқару және экология ғылымы сияқты салалардағы әлеуетті арттыра отырып, инновацияларды дамытуға, жалпы екі елдің аймақтық өркендеуіне өзіндік үлесін қосады деп ойлаймыз», - деді Чжан Хуэй.

✅ Тараптар ЖООлар арасындағы ғалымдардың тәжірибе алмасуын нақтылау, екі дипломдық білім бағдарламасы бойынша бірлескен жұмыс жоспарын қабылдау, ауыл шаруашылығындағы инновацияларды бірлесе пайдалану сияқты мәселелерді талқылады.

✅ Кездесуге Шыхыцзы университетінің Зоотехния факультетінің профессоры, жануарлар генетикасы, өсіру және көбейту саласының маманы Оралғазы Қазыхан, Зоотехния факультетінің доценті, профилактикалық ветеринария медицинасы саласының маманы Ван Чжэнь, Зоотехния факультетінің профессоры, профилактикалық ветеринария медицинасы саласының маманы Ци Яйинь, Зоотехния факультетінің профессоры, жануарларды азықтандыру саласының маманы Сунь Синьвэнь, Зоотехния факультетінің профессоры, профилактикалық ветеринария медицинасы саласының маманы Лю Лянбо және KazNARU проректорлары мен декандар, ғалымдар қатысты.

✅ Қонақтар KazNARU-дың инфрақұрылым жүйесімен және ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметімен танысып, жоғары баға берді.

KazNARU Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник