KazNARU

KazNARU БАСШЫСЫ 103 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітов Зұлқарнай Сейітұлының шаңырағына арнайы барып, құттықтап қайтты.

✅ «Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары майдан даласында жанқиярлық батырлық пен қаһармандық танытқан ардагерлердің өшпес ерлігін дәріптеу, оларға бас иіп, құрмет көрсету – біздің басты борышымыз. Жеңістің қуанышты күндерін жақындатқан ардагер тұлғаларымыздан бүгінгі жастар үлгі алып, батырларға қарап бой түзейді. Соның ішінде Отан соғысының ардагері, биология ғылымының докторы, профессор 103 жастағы Сеиітов Зұлхарнай Сейітұлының орны бәріміз үшін бөлек», - дейді Ақылбек Күрішбаев.

✅ Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Зұлқарнай Сейітов 1942 жылы соғысқа аттанып, Сталинград шайқасында, Белорусия мен Польшаны азат етуде,  Берлинді алуда ерлік көрсетіп, жеңістен кейін Потсдам қаласын минадан тазарту жұмыстарына қатысты. Аталған ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және  көптеген медальдармен марапатталды.

✅ Көз жанары жақсы көрмей, құлағы ауырлай түссе де, санасы – тың, ойы – сергек майдангер атамыз өзін арнайы құттықтап келіп, ізгі тілегін білдірген, шапан жауып, сый-сыяпатын табыстаған әріптес інісі, академик Ақылбек Күрішбаевпен ашық-жарқын әңгімелесіп, өмір жолындағы естеліктерімен бөлісті

✅ Сөзінің соңында «Мен көрген зұлмат соғысты енді ешкім көрмесін. Еліміз аман,  жастарымыз  бақытты өмір кешсін. Бейбіт заман болсын. Отандық ғылымның тізгінін ұстаған өзіңе табыс тілеймін, айналайын, ғылым мен білімді дамыту жолындағы қажырлы еңбегің жемісті, ел игілігі үшін атқарып жүрген қызметің абыройлы болсын» деп ақ батасын берді.

✅  Ардагер ғалым Зұлқарнай Сейітұлы биохимия саласында терең зерттеулер жүргізіп, биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленген, халықаралық ғылыми қауымдастыққа белгілі тұлға. 40 жылға жуық Алматы зооветеринарлық институтында (қазіргі - Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде) ұстаздық қызмет істеді, оның ішінде 30 жылдан астам органикалық және биологиялық химия кафедрасын басқарды. 150-ден астам ғылыми еңбек пен монографияның, 20-дан астам патент пен авторлық куәліктің авторы. Осындай ғылыми жаңалықтары үшін Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген ғылым қайраткері атағына ие болды, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан»  сыйлығының лауреаты атанды.

✅  «Ұрпағы мен елінің тыныштығын тілеп отырған қазыналы қария, соғыс ардагері, батыр атамыз Зұлқарнай Сейітұлының өмір жасы ұзақ, денсаулығы мықты болсын деп тілейміз», - деді Ақылбек Қажығұлұлы. 

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник