ЖЕЛТОҚСАН РУХЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай KazNARU-да «Агробиология» факультетінің белсенді жастарының ұйымдастыруымен «Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік тұғыры» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын дәріптеу, азаттық жолында ерлік көрсеткен азаматтардың өнегесін жас ұрпаққа таныту, студенттердің бойында отансүйгіштік сезім мен ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру.
Кештің құрметті қонағы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, Алматы қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Әмірбек Матеев жастармен жүздесіп, сол тарихи кезең туралы естеліктерімен бөлісті. Ол азаттық жолындағы қазақ жастарының қайсарлығы мен азаматтық ұстанымы туралы баяндап, ел тәуелсіздігінің қадірін ұғынудың маңыздылығына тоқталды.
Тағылымды кеш барысында студенттер патриоттық әндер шырқап, елдік пен ерлікті, азаттық пен ұлттық рухты дәріптейтін өлеңдер оқыды.
Мұндай кездесулер тарихи сананы жаңғыртуға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастардың ел болашағы алдындағы азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.