KazNARU-да «ЦИФРЛЫҚ ТҰЗАҚТАР» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС ӨТТІ

KazNARU-да «ЦИФРЛЫҚ ТҰЗАҚТАР» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС ӨТТІ

23 қараша күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу мақсатында «Цифрлық тұзақтар: кибербуллинг, жасанды интеллект және цифрлық қауіпсіздік» тақырыбында танымдық дәріс өтті.

Дәрісті университеттің Жасанды интеллект және цифрлық трансформация бөлімінің өкілі Қажымұхан Абылаев жүргізіп, заманауи цифрлық ортада жиі кездесетін қауіптер мен олардан қорғанудың тиімді жолдары туралы түсіндірді.

Кездесу барысында кибербуллингтің негізгі түрлері, оның пайда болу себептері мен адамға тигізетін психологиялық әсері кеңінен қарастырылды. Әлеуметтік желілердегі қорлау, қудалау, жалған ақпарат тарату, жеке тұлғаның атын жамылу және интернет арқылы қысым көрсету сияқты әрекеттердің салдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты туындайтын жаңа қауіптерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, дипфейк технологиясы арқылы жасалатын жалған бейнежазбалар, ақпаратты бұрмалау, әлеуметтік инженерия және адамдардың сенімін теріс мақсатта пайдалану тәсілдері талқыланды. Студенттерге интернетте таралған ақпараттың шынайылығын тексеру, жеке деректерін қорғау және күмәнді контентті ажырата білу жөнінде пайдалы мәліметтер берілді.

Дәріс барысында кибербуллингке тап болған жағдайда дәлелдерді сақтау, тиісті мамандардан көмек сұрау және цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі де атап өтілді.

Іс-шара студенттердің цифрлық ортадағы жауапкершілігін арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және интернет кеңістігінде қауіпсіз әрі саналы әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник