KazNARU-да 16 КҮНДІК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАУҚАН БАСТАЛАДЫ
2026 жылғы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында KazNARU-да «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық науқаны аясында әлеуметтік, ақпараттық-түсіндіру және құқықтық-танымдық іс-шаралар өтеді.
Науқанның негізгі мақсаты – гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуда қоғамның күш-жігерін біріктіру, адам құқықтарын қорғау, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасымен сабақтас бұл халықаралық науқан білім алушылардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, заң үстемдігін дәріптеуге, белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, психологтар және кәсіби мамандардың қатысуымен дәрістер, семинарлар, пікірталастар, практикалық тренингтер, шеберлік сабақтары, кейс-сессия, дөңгелек үстел мен әлеуметтік акциялар ұйымдастырылады. Студенттер қауіпті жағдайлардың алдын алу, өз құқықтарын қорғау, психологиялық және құқықтық көмекке жүгіну, сондай-ақ қолдауға мұқтаж адамдарға көмектесу жолдары туралы маңызды ақпарат алып, мамандардан кеңес алады.
Бағдарламада #StopViolence онлайн-челленджі, қызғылт сары ленталар тарату акциясы, «Қауіпсіз орта – әр адамның құқығы», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам – қауіпсіз болашақ», «Кибербуллингке жол жоқ», «Үнсіз қалма!», «Өз құқығыңды біл – өзіңді қорға!» тақырыптарындағы кездесулер мен танымдық іс-шаралар, тренингтер, сондай-ақ Абай тағылымына негізделген құқықтық-психологиялық диалог алаңы қарастырылған.
Барлығыңызды халықаралық бастамаға белсенді қатысып, қоғамда өзара құрмет, теңдік, адамгершілік пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға үлес қосуға шақырамыз.
Қауіпсіз қоғам – ортақ жауапкершілік!