KazNARU-да ҚАЗІРГІ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Инженерлік технологиялар» факультетіне қарасты И.В. Сахаров атындағы «Көлік техникасы және технологиялары» кафедрасында «Қазіргі логистикалық жүйелер: құрылымы, қызметтері және кәсіпорын тиімділігіндегі рөлі» тақырыбында қонақ дәрісі өтті. Дәрісті «ТЕХНОБЕЛ» ЖШС директорының орынбасары Сана Сагатбаева жүргізді.
Кездесу барысында жеткізу тізбегін оңтайландыру тетіктері, қойма логистикасындағы инновациялық шешімдер және көлік саласын цифрландырудың негізгі үрдістері қарастырылды. Дәріскер логистикалық үдерістерді тиімді ұйымдастырудың кәсіпорын қызметіндегі маңызына тоқталып, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Дәріс ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер мен оқытушылар логистикалық жүйелердің жұмыс істеу ерекшеліктеріне қатысты практикалық сұрақтар қойып, маманнан жан-жақты жауап алды.
Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жетілдіру, оқу үдерісіне дуальды оқыту элементтерін енгізу және мамандар даярлау мазмұнын қазіргі еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру мәселелері талқыланды.
Мұндай кездесулер студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға және университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.