«Заң мен тәртіп» тақырыбындағы дөңгелек үстел және 25 қазан — Республика күніне арналған флешмоб

«Заң мен тәртіп» тақырыбындағы дөңгелек үстел және 25 қазан — Республика күніне арналған флешмоб

Қазіргі демократиялық, құқықтық мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі мен бостандығы. Осы құндылықтарды ұлықтау мақсатында жақында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУ) академик Н.Ө. Базанова атындағы жануарлар биологиясы кафедрасының ұйымдастырылуымен «Менің елім. Менің құқығым. Менің жауапкершілігім» атты студенттер, ұстаздардың қатысуымен өткен ауқымды дөңгелек үстел жиыны қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, еліміздің Ата заңы – Конституция туралы бейнероликпен жалғасты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, «Заң мен Тәртіп» қағидасын нығайту болды. Жиын барысында студенттер үш негізгі бағыт бойынша пікір алмасты:

«Менің елім — мақтанышым»: Қатысушылар «Азамат» ұғымының терең мағынасын ашып, сапалы азаматтың бойындағы жауапкершілік пен жастардың ел дамуына қосатын үлесін талқылады.

«Құқық — заңды қорғанысым»: Студенттер өздерінің білім алу ортасындағы, күнделікті өмірдегі және бүгінгі таңда өте өзекті болып табылатын интернет кеңістігіндегі құқықтары туралы сөз қозғады. Әлеуметтік желілердегі тіл тигізу, жеке деректерді заңсыз тарату сынды киберқылмыстарға қарсы тұру жолдары мен құқық бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігі туралы маңызды ақпараттар ортаға салынды.

«Жауапкершілік — азаматтық міндетім»: Жиында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қасіреті» деген қанатты сөзі арқау болды. Қатысушылар «өз құқығың аяқталған жерде өзге адамның құқығы басталатынын» жете түсінді.

Шараның ең қызықты бөлігі – нақты кейстерді (жағдаяттарды) талдау кезеңі болды. Студенттер оқу орнындағы мүлікті бүлдіріп (вандализм), оны «ермек еркіндігі» деп ақтағысы келген жастардың іс-әрекетіне заң тұрғысынан баға берді. Жастар бұл қылықтың құқық емес, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын айқын құқық бұзушылық екенін дәлелдеп шықты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасы студенттердің белсенділігі мен құқықтық санасының жоғары екенін атап өтіп, өз бағаларын берді. Бұл шара жастардың тек өз құқығын талап етіп қана қоймай, елінің алдындағы азаматтық міндетін де терең сезінуіне үлкен септігін тигізді.


 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник