БОЛАШАҚ ТАҒАМЫ: KazNARU ТЕХНОЛОГТАРЫНЫҢ НҰСҚАСЫ
Болашақ тағамы – климаттың өзгеруі, әлем халқының өсуі, жаңа ғылыми жаңалықтар мен технологиялық жетістіктер сияқты көптеген жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде дамып келе жатқан маңызды тұжырымдама.
Қазіргі таңда тағам мен жалпы тамақтану мәдениетін түбегейлі өзгерте алатын жаңа өнімдер ғана емес, оларды өндірудің заманауи әдістері де қарқынды дамуда.
Халық санының өсуі мен қоршаған ортаның нашарлауы жағдайында тағам өндірудің дәстүрлі әдістері жеткіліксіз болуы мүмкін. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметтері бойынша, 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халық саны 9,7 миллиард адамға жетуі мүмкін. Бұл өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін азық-түлік өндірісін 60%-ға арттыру қажеттігін көрсетеді және табиғи ресурстарға түсетін жүктемені күшейте отырып, тұрақты әрі инновациялық шешімдерді іздеуді талап етеді.
Биоинженерия, тағамды 3D-принтер арқылы басып шығару және электр қуаты арқылы синтездеу сияқты технологиялар күнделікті өмірге белсенді түрде енгізілуде. Сондықтан олардың азық-түлік қауіпсіздігінің болашағына әсерін бағаламау мүмкін емес.
Өсімдік тектес ет, ақуыздардың зертханалық өндірісі, сублимацияланған және ұнтақталған тағамдар сияқты инновациялар сән тренді ғана емес, сонымен қатар планетаны сақтау және тамақтану сапасын жақсарту жолындағы қажетті қадамдар болып табылады.
Осы бағытта KazNARU-дың жас технологтары халық санының өсуіне, ресурстар тапшылығына және қоршаған орта жағдайына инновациялық жауап ретінде аккредиттелген Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығының базасында бірқатар жаңа өнім рецептураларын әзірледі.
Атап айтқанда, дәнді дақылдардан күріш, майлы дақылдардан жержаңғақ қолдану арқылы өсімдік тектес сүт әзірленді. Сонымен қатар өсімдік тектес ақуыз – соя изоляты, яғни табиғи жоғары концентрациялы өсімдік протеині негізінде өсімдік тектес ет рецептурасы жасалды. Өнімнің консистенциясын қалыптастыру мақсатында жүгері крахмалы, ал сапа көрсеткіштерін қамтамасыз ету үшін қызылша шырыны қосылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ғарыш агенттіктері сарапшылары мойындаған көк-жасыл теңіз микробалдыры – спирулина болашақтың маңызды тағамдарының бірі саналады. Оның құрамында 70%-ға дейін жеңіл сіңімді ақуыз, аминқышқылдарының толық кешені, темір және қоректік заттар тапшылығымен күресуге көмектесетін күшті антиоксиданттар бар.
KazNARU білім алушылары спирулинаны өсімдік тектес қоспалармен байытылған сұлы үлпектеріне негізделген функционалдық жеңіл тағамдар, яғни дұрыс тамақтану өнімдерінің рецептурасын жасау үшін пайдаланды.
Ұнтақ тағам – сақтау мерзімі ұзақ, қолдануға ыңғайлы өнім. Ол жинақылығы мен дайындалуының қарапайымдылығына байланысты тұтынушылар арасында танымал бола түсуде.
Ұнтақ тағам нарығының жылына 8%-ға өсуі болжануда. Бұл дұрыс әрі ыңғайлы тамақтануға деген қызығушылықтың артуымен байланысты.
Осы орайда болашақ ұнтақ тағамдарының ассортиментін жасауда және кеңейтуде дәстүрлі ұлттық өнімдердің ерекше рөлін атап өткен жөн.
Ұлттық дәстүрлердің жаңғыруы KazNARU білім алушыларын ата-бабаларымыздан келе жатқан рецептураны заманауи тұрғыда жаңғыртуға жетеледі. Соның нәтижесінде тары талқаны негізінде бадам сүті қосылған, табиғи бал және кептірілген жемістермен — мейіз, өрікпен байытылған заманауи «сұйық жент» өнімі, яғни смузи әзірленді.
Дәстүрлі дәмді бауырсақтарды күнделікті рационнан алып тастауға бола ма және олардың болашақтағы рөлі қандай? Танымал бауырсақты қандай тағам түрімен алмастыруға болады және бұл гастрономиялық символ болашақта қалай өзгереді деген сұрақтар да өзекті.
Әрине, бауырсақты мәдени тұрғыдан толықтай алмастыру мүмкін емес, себебі ол – қонақжайлылық пен жайлылықтың қасиетті символы. Сондықтан KazNARU-дың жас технологтары дәмі ерекше, қызғылт қыртысты жеңіл «аэробауырсақтар» дайындады. Олар алдымен буда өңделіп, кейін нан пісіру пешінде пісіріледі. Бұл әдіс майға қуыру үдерісін толықтай алып тастауға мүмкіндік береді.
KazNARU-дың жас технологтары дайындаған жаңа буын инновациялық өнімдерін Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Еренова Бибипатыма Ертаевна таныстырды.
Презентацияға қатысушылар болашақ өнімдерінің дәмін татып, олардың органолептикалық қасиеттерін бағалады, сондай-ақ өндіріске инновациялық, ғылыми негізделген технологияларды енгізу перспективаларын талқылады.























v



