ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕЗЕРВТЕРДІ БАСҚАРУ МЕМЛЕКЕТТІК БЮРОСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ KazNARU-ға АРНАЙЫ САПАРЫ

ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕЗЕРВТЕРДІ БАСҚАРУ МЕМЛЕКЕТТІК БЮРОСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ KazNARU-ға АРНАЙЫ САПАРЫ

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне Қытай ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтерді басқару мемлекеттік бюросының делегациясы ресми сапармен келді.
Делегация сапарының негізгі мақсаты – университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, зертханаларымен және ғылыми-технологиялық инновациялық қызметімен танысу.
Делегацияны Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев оқу ордамызда жылы лебізбен қарсы алып, оқу ордамыздың соңғы жетістіктерімен таныстырды.
«Біздің университет - Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудың барлық бағыттары бойынша кадрларды даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны.
Университет QS әлемдік рейтингінде топ-700-де, Орталық Азияда 6-шы, ал қазақстандық университеттер арасында үздік 5-ші орында.
Университет 200-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, орталықтары, компанияларымен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде Қытай Халық Республикасынан 50-дан астам серіктесіміз бар.
Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып табылады. Біздің еліміз ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру, өңдеуді дамыту, импортты азайту және бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде», - деді А.Қ. Күрішбаев.
Кездесуге KazNARU Басқарма мүшелері, проректорлар, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы мен университет білім алушылары қатысты.
Ал Қытай делегациясының құрамында Мемлекеттік азық-түлік және материалдық резервтер басқармасының жетекшісі Лю Хуаньсинь, Астық саудасын үйлестіру орталығының директоры Ло Вэньцзюань, Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының Академиялық департаментінің атқарушы директоры Цю Пин және басқа да ресми өкілдер болды.
Лю Хуаньсинь мырза өз сөзінде екі елдің потенциалын жоғары деңгейде екенін атап өтіп, университетпен бірлесіп ғылыми жобалар, кадрлар дайындауға, және бірлескен “Азық-түлік ғылыми зерттеу” орталығын құруды ұсынды.
Сонымен қатар, кездесу аясында Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов пен Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының Академиялық департаментінің атқарушы директоры Цю Пин арасында «Өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойылды.
Аталған меморандум білім беру, ғылыми және әдістемелік бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға арналған. Құжат аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе және ақпарат алмасу, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің, магистранттар мен докторанттардың өзара тағылымдамадан өтуі көзделген. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, семинарлар және басқа да маңызды іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру жоспарлануда.
Кездесу осы іс-шара аясында Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ университетіміздің «Технология және тағам қауіпсіздігі» кафедрасы ұйымдастырған арнайы көрмені аралаумен жалғасты. Көрме барысында осы саладағы толағай жетістіктер мен жемісті еңбектер кеңінен таныстырылды.
Қытай делегациясының мүшелері KazNARU ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, оқу ордамыздың инновациялық ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады.
Айта кететін жайт, Қытайдың Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасы 1956 жылы құрылған ірі ғылыми мекеме болып табылады. Бұл астық сақтау, қайта өңдеу, азық-түлік қауіпсіздігі және стратегиялық резервтерді басқару салаларындағы озық технологияларды зерттеумен айналысады.
 
KazNARU Баспасөз қызметі
 
 
 
 
---------Chatbot---------
виртуальный помощник