«Smart Agroscience: жас ғалымдардың зерттеулері мен инновациялары» конференциясы аясында стартап жобалар байқауы өтті


Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткен «Smart Agroscience: жас ғалымдардың зерттеулері мен инновациялары» халықаралық конференциясы аясында стартап жобалар байқауы ұйымдастырылды. Байқау жас зерттеушілердің инновациялық идеяларын қолдауға, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталды.
Аталған байқауға «Су шаруашылығы және мелиорация» білім беру бағдарламасының студенттері белсенді қатысып, өздерінің тың жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, кафедраның аға оқытушысы Оңласын Ұлжан Қуанышбекқызының жетекшілігімен 6В08604 – «Су шаруашылығы және мелиорация» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Ауғамбай Нұрай, Қайрат Аяла және Думанжан Даниял «EcoCoffee Fertilizer» атты стартап жобасын сәтті қорғады.
Жоба ауыл шаруашылығында экологиялық таза тыңайтқыштарды пайдалану арқылы топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған. «EcoCoffee Fertilizer» идеясы кофеден қалған қалдықтарды қайта өңдеу арқылы органикалық тыңайтқыш алу мүмкіндігін қарастырады. Бұл өз кезегінде қалдықтарды тиімді басқаруға, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.
Байқау барысында қатысушылар өз жобаларын таныстырып, оның ғылыми негіздемесі мен практикалық маңыздылығын дәлелдеді. Қазылар алқасы жобалардың жаңашылдығын, экономикалық тиімділігін және іске асыру мүмкіндігін жоғары бағалады.
Аталған байқау жас ғалымдар мен студенттердің шығармашылық әлеуетін ашуға, жаңа идеяларды дамытуға және оларды нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретін тиімді алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді
Оңласын Ұлжан Қуанышбекқызы