ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

KazNARU-да 8 НАУРЫЗҒА ОРАЙ «ӘЙЕЛ – СҰЛУЛЫҚТЫҢ ӘУЕНІ» САЛТАНАТТЫ КЕШІ ӨТТІ

2026 жылғы 5 наурызда Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Акылбек Қажығұлұлы 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай, құттықтау салтанатын өткізді. Университеттің акт залында өткен іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен студенттер қатысты. Мерекелік кештің басты мақсаты – қоғамдағы әйелдердің рөлін дәріптеу, олардың еңбегіне құрмет білдіру және университет ұжымындағы әйел қауымын көктем мерекесімен құттықтау болды.
«Ғасырлар бойы біздің аналарымыздың өмірі аймен таласқан әсемдікпен, көреген көсемдікпен, мейірім мен нәзіктікпен, қайталанбас қайсарлықпен үйлесе өріліп, болашаққа нұр, шаңырағымызға шуақ шашып келе жатыр. Тарихымыз қашан да қаны асыл, жаны текті апаларымыздың өнегелі ісі мен ғибратты сөзіне толы. Сол абзал да ару, киелі жандардың ізіндей, сабыр мен төзімнен жаралған ұлт аналарының көзіндей болған - барлық әсем қыз-келіншектерді, аяулы аналарымызды, құлпырған қыздарды тағы да мерекемен құттықтаймын!», - деді өз құттықтауында Ақылбек Қажығұлұлы.
«Жаңарған, Әділетті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени өркендеуінде әйелдер қауымының үлесі өлшеусіз. Олар еңбек ететін әр салада табандылық пен талғампаздық, парасат пен кәсібилік қатар көрініс тауып келеді.
Біздің қоғамымызда экономика мен білім берудегі, ғылымдағы әйелдердің үлес салмағы 70 пайыз, ал денсаулық сақтау мен мәдениетте 80, қаржы саласында 60 пайыздан астам. Ал университетіміздегі 1077 адам қызмет атқарса, соның 63,5 пайызы – әйелдер, яғни 684 әріптесіміз – нәзік жандылар. Басшылық қызметте 71 әріптесіміз еңбек етеді. Профессор-оқытушылар құрамында 19 ғылым докторы, 94 ғылым кандидаты, 80 PhD докторы, 183 магистр бар. Әр жылдары 39 қызымыз «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері атанды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1 әріптесіміз «Үздік ғылыми қызметкер», 1-еуі «ЖОО үздік оқытушысы», 1-еуі дарынды жас ғалымдарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаты атанды, 2 әріптесіміз ««Ғылыми тағылымдамалар» бойынша халықаралық "Болашақ" стипендиясын иеленді. Қазіргі таңда 17 әйел әріптесіміз ғылыми жобаларға жетекшілік жасауда. Сонымен қатар ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академик Н.Базанова атындағы тұңғыш сыйлығымен 2 әріптесіміздің марапатталуы – оқу ордамыздың мерейін асқақтатқан үлкен жетістік», - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Салтанатты кеш аясында университетіміздің нығайып, дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан бір топ әріптесіміз «Университет мақтанышы» төс белгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сарсекова Дани Нұрғисақызы ҚР Ұлттық ғылым академиясының отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы тұңғыш сыйлығына ие болды.
Ректор өз сөзінде университет қызметкерлері мен студенттерінің аруларды ерекше ықыласпен құттықтап жатқанына ризашылығын білдіріп, мұндай құрмет пен сыйластық ұжым бірлігінің көрінісі екенін атап өтті.
Мереке аясында университеттің бірқатар қызметкерлері мен оқытушыларына Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табысталды. Марапатталған қызметкерлердің толық тізімі төмендегі файлда берілген.

8 наурыз мерекесіне орай марапатталған қызметкерлердің тізімі

Әскери кафедрасының өкілдері мерекелік кешке келген әйел қауымын мерекемен құттықтап қарсы алып, Ректор атынан қызғалдақ гүлдерін тарту етті. Ерекше атап өтерлігі, бұл гүлдер «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің студенттері өз қолдарымен өсірген қызғалдақтар болды.

Концерттік бағдарлама барысында университеттің барлық факультеттері мен құрылымдық бөлімдерінің өкілдері өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Кеш «WAYB» би тобы орындаған «Назқоңыр» биімен басталып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бағдарлама аясында университет оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері «Анашым», «Биле, биле», «Бозторғай ана», «Сен керексің», «Все для тебя», «Жұлдызым», «Сенім шынары» әндерін орындап, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың «Әйелдердің мерекесі екен ғой!» өлеңі мәнерлеп оқылып, аналар мен әйелдерге деген ерекше құрмет жеткізілді. Би өнерін университеттің «WAYB» және «ONE» би топтары ұсынды.
Мерекелік кештің ерекше сәттерінің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Құдайберген Бекіштің арнайы қонақ ретінде өнер көрсетуі болды. Өнер иесі «Анашым», «Сырласу», «Ханшайым», «Армандастар» әндерін орындап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Әсіресе «Анашым» және «Сырласу» әндері жанды дауыста орындалып, көрермендер де бірге қосылып айтып, кештің әсерін арттыра түсті.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Жастар ісі жөніндегі комитет пен тәрбие жұмыстары бөлімінің қызметкерлері А. Сманов, А. Қозыбағарова, Ә. Еркебай, Қ. Иманов және А. Палуанов жауапты болып, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысты.
Мерекелік концерт соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, жылы әсермен тарасты. Мұндай мәдени іс-шаралар университет ұжымының бірлігін нығайтып, студенттер мен қызметкерлер арасында рухани құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Бойына нәзіктік пен қайсарлықты, мейірімділік пен жасампаздықты, сұлулық пен жауапкершілікті, төзімділік пен табандылықты қатар сіңірген әйелдер қауымына мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілейміз! Әйел жаққан шырақ ешқашан сөнбесін!
 
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник