Биотехнологиялық дағдыларды қалыптастыру
2026 жылғы 25 ақпан күні сағат 8:00 және 9:00-де 6В08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының ТППЖ-23-01К тобы студенттеріне «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының аға оқытушысы Баймәжі Ерлік Баймәжіұлы «Жануарлар биотехнологиясы» пәні бойынша «Зертханалық жануарлардың репродуктивті аппаратына қол жеткізудің лапаротомия әдісі» тақырыбында ашық практикалық сабақ өткізді.
Практикалық сабақтың негізгі мақсаты – зертханалық жануарлардың репродуктивті жүйесіне хирургиялық жолмен қол жеткізу әдісін меңгерту, лапаротомия операциясының кезеңдерін тәжірибеде көрсету және студенттердің кәсіби-хирургиялық дағдыларын қалыптастыру болды. Сонымен қатар, жануарлармен жұмыс істеу барысында биоқауіпсіздік, антисептика талаптарын сақтау, жансыздандыру әдістерін дұрыс қолдану және биоэтикалық нормаларды ұстану мәселелері қамтылды.
Сабақтың ұйымдастыру кезеңінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, лапаротомия әдісінің жануарлар биотехнологиясындағы маңызы түсіндірілді. Атап айтқанда, бұл әдіс эмбриондарды алу және көшіру, гаметаларды зерттеу, репродуктивті ағзаларды бағалау сияқты ғылыми-тәжірибелік жұмыстарда кеңінен қолданылатыны айтылды. Студенттердің алдыңғы білімдерін белсендіру мақсатында ұрғашы үй қоянының анатомиялық ерекшеліктері бойынша қысқаша теориялық қайталау жүргізілді.
Практикалық бөлімде студенттер ұрғашы үй қоянын биотехнологиялық зертхана жағдайында операцияға дайындау, жансыздандыру әдістерін қолдану және операциялық алаңды өңдеу кезеңдерін орындады. Хирургиялық инструменттердің көмегімен лапаротомия әдісі жүргізіліп, құрсақ қуысы арқылы ішкі жыныс жолына тікелей қол жеткізу жүзеге асырылды. Жұмыс барысында білім алушылар хирургиялық құралдармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгеріп, тілу, ашу және өңдеу алгоритмін сақтауды үйренді.
Операциялық кезеңде студенттер қоянның ішкі жыныс мүшелерінің анатомиялық құрылымымен танысып, жұмыртқалықтарды визуалды бағалады. Арнайы әдістеме бойынша жұмыртқалықтан аналық жыныс жасушасы – ооцит жуылып алынып, оның морфологиялық сапасына бағалау жүргізілді. Бұл тәжірибе теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, биоматериалмен жұмыс істеу машықтарын дамытуға мүмкіндік берді.
Қорытынды бөлімде орындалған жұмыстар талданып, лапаротомия әдісінің тиімділігі мен мүмкін болатын тәуекелдері қарастырылды. Студенттер рефлексия жасап, өзара пікір алмасты. Бағалау белгіленген критерийлер негізінде жүргізіліп, кері байланыс берілді.
Ашық сабақ әдістемелік талаптарға сай ұйымдастырылып, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, хирургиялық машықтарын жетілдіруге және жануарлар биотехнологиясы саласындағы тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталды.
«Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының
аға оқытушысы Баймәжі Ерлік Баймәжіұлы





