KazNARU СТУДЕНТТЕРІ МАРАПАТ БИІГІНЕН КӨРІНДІ
Алматы қаласы Медеу ауданында комьюнити орталықтарының жылдық жұмысына арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды. Шара барысында қаланың әр ауданында жүзеге асырылып жатқан демалыс орталықтары жобасының бір жылдық нәтижелері сараланып, жастар саясатының дамуына үлес қосқан ұйымдар мен белсенді жастардың еңбегі ерекше атап өтілді.
Комьюнити орталықтарының басты міндеті – жастар арасындағы патерналистік көзқарасты төмендетіп, олардың дербес дамуына, қабілеттерін ашуына жағдай жасау, шығармашылық орта қалыптастыру, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту. Сондай-ақ өз бастамаларын жүзеге асырып, түрлі үйірмелер мен жобаларға қатысып, шығармашылық тұрғыдан дами түсуіне мүмкіндік бар.
Салтанатты шара барысында Медеу, Бостандық және Түріксіб аудандарының комьюнити орталықтары жыл бойғы жұмысын қорытындылап, орталықтардың дамуына ерекше үлес қосқан жастарды марапаттады.
KazNARU студенттері де осы марапат иелерінің қатарынан табылды. Атап айтқанда, Күзен Назерке Бексейтқызы, Сламжанова Шырайлым, Сатыбалды Ердаулет, Дуйсейингалиева Сымбат, Қалиқазыұлы Ғарыш алғыс хаттарға ие болды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жүзеге асырып отырған демалыс орталықтары жобасы аясында үздік қатысушылар да арнайы марапатталды. Университеттің «Albeni’s» және «One» клубтары, сондай-ақ белсенді студенттер – Сламжанова Шырайлым, Қалибек Сандуғаш, Қабдракимов Жансанат, Тасболат Жасұлан жобаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай бірлескен бастамалар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етеді. Алдағы уақытта да жоба аясында жаңа бастамалар жүзеге асырылып, тың жетістіктерге жол ашылады деген сенім білдірілді.
KazNARU Баспасөз қызметі




