KazNARU

ЕЛ НАЗАРЫН АУДАРҒАН ЕГІНЖАЙ КҮНІ: ЖЕР – АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДЫҢ НЕГІЗГІ РЕСУРСЫ

✅ 2025 жылғы 19 маусымда ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай ҚР Климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының базасында «Тұрақты ауыл шаруашылығы: органикалық және көміртекті егіншілігін дамыту» тақырыбында Егінжай күні өткізілді.

✅ Ел назарын аударған аса маңызды іс-шараның мақсаты – ауыл шаруашылығында тұрақты, ресурсты үнемдейтін және климатқа бейімделген модельдерге көшу мәселелері бойынша ғылыми қауымдастықтың, мемлекеттік органдардың, агробизнестің және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіру.

✅ Дала күні аясында ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сұлтанов А.С., Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев М.Е., халықаралық жетекші ғалым-сарапшылар – Моргунов А.И. (Қазақстан), Муминжанов Х. (ФАО), Камерон Н.К. (Канада), Шаманин В.П. (Ресей), Гриб С.И. (Беларусь), Бабоев С.К. (Өзбекстан), Пахомеев О.В. (Қырғызстан) және т.б. отандық танымал ғалым мамандар көміртекті егіншілікті дамыту; көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бойынша инновациялық шешімдерді көрсету; органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктері т.б. мәселелер туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

✅ ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев өз баяндамасында Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығын нығайту, көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен атқарылуға тиісті маңызды міндеттерге жан-жақты тоқталып өтті.

✅ «Бұл тақырыптың өзектілігі бәрімізге айқын. Жер – аграрлық сектордың негізгі ресурсы болып табылады және оның табиғи жағдайы ауыл шаруашылығының болашағын анықтайды. Қазіргі таңдағы климаттық өзгерістер аясында біздің алдымызда табиғи капиталды үнемдеуге негізделген тұрақты және инновациялық егіншілікке көшу жолы күтіп тұр. Өкінішке орай, соңғы онжылдықтарда топырақ құнарлылығының елеулі нашарлауы байқалады. Мамандардың бағалауы бойынша, ел аумағының шамамен 33%-ы (90 млн га) деградацияға ұшыраған – эрозия, шөлейттену, тұздану және ластану белең алған. Оның 29 миллион гектары құнарлылығын мүлде жоғалтты. Зерттеулерге сәйкес, егістік алқаптардың 75%-ы әртүрлі деградацияға ұшыраған, алқаптардың 62–63%-ында қарашірік (гумус) мөлшері өте төмен. Бұл топырақтың ылғалды сақтау және қоректік заттарды сіңіру қабілетін нашарлатады» - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Одан ары спикер отандық агросектор алдында тұрған аса маңызды міндеттерді атап көрсетті. Ол – ауыл шаруашылығын халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын және табиғи ортаны қалпына келтіруге қабілетті тұрақты жүйеге трансформациялау. Топырақтың деградациясына қарсы күрес, зиянды шығарындыларды азайту, органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту – бұл Қазақстанның стратегиялық жолы. Ол үшін еліміздің ғылыми әлеуеті де, қолдайтын халықаралық серіктестік те жеткілікті.

✅«Қазақстан топырақ пен биомассада көміртекті секвестрлеу үшін кең мүмкіндіктерге ие. Жайылымдар мен пайдаланылмай жатқан егістік алқаптардың едәуір бөлігі қалпына келтіріліп, тиімді көміртек резервуары ретінде пайдаланылуы мүмкін. «Көміртекті полигондар» құру бастамасы – деградацияланған жерлерге орман белдеулері мен көпжылдық дақылдар отырғызу – елдің «жасыл өкпесін» қалыптастыруға бағытталған. Қазақстанның климаттық саясатында 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 325 млн тоннаға дейін қысқарту көзделген, бұл міндетті іске асыруда аграрлық сектордың белсенді қатысуы қажет. Бұл ретте, жүйелі тәсіл – ғылымнан тәжірибеге дейін – елдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуының негізі болатынына сенімдімін» - деді Ақылбек Күрішбаев.

✅ Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстанда көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған ғылыми негізделген ұсыныстар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын Резолюция әзірленді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник