KazNARU «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП-2025»: ЕТ ӨҢДЕУДІҢ ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ПРОЦЕСТЕРІМЕН ТАНЫСУ
«Халықаралық жазғы мектеп-2025» аясындағы «Өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің инновациялық технологиялары» бағыты бойынша қатысушылар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Тамақ өнімдерінің технологиясы және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық Орталығы жанындағы ет өңдеуге арналған оқу-өндірістік шағын цехының жұмысымен танысты.
Орталық жетекшісі, техникалық ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Бибипатыма Еренова ғылыми және өндірістік қызметтің негізгі бағыттары, шағын цехтың функционалдық мүмкіндіктері және агроөнеркәсіптік кешеннің болашақ білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандарын тәжірибелік даярлаудағы маңызы туралы жан-жақты айтып берді.
Бағдарлама аясында шұжық өнімдерін өндірудің инновациялық технологияларына арналған шеберлік сабақты , «Тамақ өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, а.ш.ғ. кандидаты Ақылжан Қожабергенов жүргізді.
Қатысушылар жартылай ысталған шұжықтарды өндіру технологиясының негізгі кезеңдерімен: дәстүрлі шикізатты дайындаудан бастап, формалау, термиялық өңдеу және дайын өнімді алуға дейін жан-жақты танысты. Бұл ретте өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне, сондай-ақ дайын өнімнің жоғары тұтынушылық сипаттамаларына қол жеткізу үшін технологиялық параметрлерді сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Қатысушылар тек дәм сапасын бағалап қана қоймай, өз әсерлерімен белсенді түрде бөлісті, өнімнің құрылымы, термиялық өңдеу деңгейі, тұз бен дәмдеуіштердің теңгерімі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, өнім құрамы, қолданылған шикізат және дайындалу барысында пайдаланылған технологиялық тәсілдерге қатысты сұрақтар қойылды.
Мұндай сабақтар студенттердің таңдаған мамандығын жан-жақты түсінуге, салалық рецептураның өзіндік ерекшеліктері мен ет өңдеудің технологиялық аспектілерін және өндірістік процестердің шынайы мәнін ұғынуға үлкен мүмкіндік береді.
KazNARU баспасөз қызметі