KazNARU

2025 жылғы маусым айының 10-ші жұлдызында Халықаралық жазғы мектеп-2025 аясындағы

«Өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің инновациялық технологиялары» бағыты бойынша қатысушылар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Тамақ өнімдерінің технологиясы және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық Орталығы жанындағы ет өңдеуге арналған оқу-өндірістік шағын цехқа барды.

Таныстыру экскурсиясын Орталық жетекшісі, техникалық ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Еренова Бибипатыма Ертаевна өткізді. Ол Орталықтың ғылыми және өндірістік қызметінің негізгі бағыттары, шағын цехтың функционалдық мүмкіндіктері және ҚР агроөнеркәсіптік кешеніне арналған білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандарды тәжірибелік даярлаудағы маңызы туралы жан-жақты айтып берді.

Бағдарламаның келесі кезеңі ретінде қатысушылардың зор қызығушылығын тудырған әрі жағымды эмоцияларға толы практикалық бағыттағы шеберлік сабағы өтті. Шұжық өнімдерін өндірудің инновациялық технологияларына арналған бұл сабақты ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Тамақ өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қожабергенов Ақылжан Туралыұлы жүргізді.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде қатысушылар жартылай ысталған шұжықтарды өндіру технологиясының негізгі кезеңдерімен жан-жақты танысты: дәстүрлі шикізатты дайындаудан бастап, формалау, термиялық өңдеу және дайын өнімді алуға дейін. Ерекше назар өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне, сондай-ақ дайын өнімнің жоғары тұтынушылық сипаттамаларына қол жеткізу үшін технологиялық параметрлерді сақтаудың маңыздылығына аударылды.

Шеберлік сабағы дайын өнімнің дәмін татумен аяқталды, бұл тәжірибелік бөлімнің маңызды қорытынды кезеңіне айналды. Қатысушылар тек дәм сапасын бағалап қана қоймай, өз әсерлерімен белсенді түрде бөлісті, өнімнің құрылымы, термиялық өңдеу деңгейі, тұз бен дәмдеуіштердің теңгерімі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, құрам, қолданылған шикізат және дайындалу барысында пайдаланылған технологиялық тәсілдерге қатысты сұрақтар қойылды. Талқылау белсенді әрі кәсіби деңгейде өтіп, рецептураның өзіндік ерекшеліктері мен ет өңдеудің технологиялық аспектілерін терең ұғынуға мүмкіндік берді.

Бибипатыма Ертаевна мен Ақылжан Туралыұлына кәсіби шеберлігі, материалды түсінікті әрі қолжетімді түрде жеткізгені және қазіргі заманғы ет өңдеу технологиясымен терең танысуға жағдай жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз.

Мұндай сабақтар мамандықты жан-жақты түсінуге, өндірістік процестердің шынайы мәнін ұғынуға және өзіңді кәсіби ортаның бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

Алда - жазғы мектептің жалғасы бар, бұл дегеніміз - тәжірибе, қарым-қатынас және білімге толы мазмұнды әрі пайдалы оқу үдерісі жалғасын табады деген сөз.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник