KazNARU

KazNARU ӨКІЛДЕРІ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА

2025 жылдың 26 мамырында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілдері Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының О.Жандосов атындағы орта мектебінде "Ecobook" экологиялық жобасының мүшелерімен және бітіруші түлектерімен кездесті.

✅ «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытында өткен кездесуге мектеп директоры Жамешева Айжан Төлеуқызы, сынып жетекшілері және жоғары сынып оқушылары қатысты. Оқу ордасында барлығы 774 оқушы бар, оның 88-і биыл бітіреді.

✅ «Түлектер үшін болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында оқу-тәрбие жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Білім алушыларымыз ауыл шаруашылық мамандықтарына да қызығушылық білдіруде. Өйткені, ауданымызда ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс өте көп. Біз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен үнемі тығыз байланыстамыз. Осындай кездесуді тұрақты ұйымдастырып отырған сіздерге ризашылығымызды білдіреміз», - деді Айжан Төлеуқызы.

✅ Мектеп басшысы "Ecobook" экологиялық жобасында органикалық қалдықтарды пайдаланудың тиімді жолдарымен қатар вермикомпост жасаудың өзгеше тәсілдеріне зерттеулер жүргізілетінін атап өтті. 2021 жылы экобаққа 100 туя тұқым отырғызылып, оларға тұрақты бақылау жүргізілуде, оған болашақта өсімдік шаруашылығы маманы болғысы келетін оқушылар да атсалысады.

✅ Кездесуде Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к, профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы сөз сөйлеп, 95 жылдық даму тарихы бар оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктеріне тоқталып, бейнесюжет ұсынып, бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.

«Қазіргі уақытта біздің университетте Еңбекшіқазақ ауданынан 200-ге жуық студент білім алуда. Осы кездесуден кейін еліміздегі ең үздік бестікке кіретін жетекші оқу ордасында оқығысы келетін жас талапкерлердің қатары өсе түседі деген сенімдеміз», - деді ол.

✅ Бұдан кейін "Топырақтану, агрохимия және экология" кафедрасының профессоры, ҰАҒА академигі Қалдыбаев Сағынбай Қалдыбайұлы, "Топырақтану, агрохимия және экология" кафедрасының профессоры. ҰАҒА академигі Балғабаев Әлімбай Мәдібекұлы, "Агробиология" факультетінің деканы, Абилдаев Ержан Советбекұлы, "Агрономия, селекция және биотехнология" кафедрасының меңгерушісі, PhD., қауымдастырылған профессор Жаңбырбаев Елдос Алмабекұлы университеттегі заманауи инновациялар және білім беру мен ғылым саласындағы жетістіктер туралы айта келіп, бітіруші түлектерді KazNARU-да жоғары білім алуға шақырды.

✅ Кездесу аясында университет өкілдері "Ecobook" экологиялық жобасы бойынша жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, жақсы баға берді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник