KazNARU

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ: МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ ӨЗ БОЛАШАҚТАРЫНА ҚАДАМ БАСТЫ

Кеше еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты өтіп, бітіруші түлектер өз болашақтарын айқындайтын жаңа өмірге қадам басты. Қазіргі күні олардың көпшілігі ҰБТ сынағын қоса тапсырып, мамандық таңдау сәттеріне қатысуда.

✅ Осындай жауапты кезеңде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессор оқытушылар құрамы мен қызметкерлерден құралған арнайы топтар ЖООлар мен колледждерге барып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенділікпен жалғастыруда.

✅ Мақсат біреу – KazNARU басшысы Ақылбек Күрішбаевтың кәсіби бағдар беру жұмыстарын күшейту туралы тапсырмасына орай, алдағы оқу жылында университетімізге келетін талапкерлер қатарын көбейту. Сол үшін аграрлық мамандықтарға оқытатын факультеттердің ерекшеліктері мен жаңаша білім беру бағдарламаларын түсіндіріп, талапкер жастардың мамандық таңдауына көмектесу жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

✅ Атап айтқанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің “Жалпы білім беру пәндері” кафедрасының өкілдері – т.ғ.к. Зауре Ақтамбердиева, т.ғ.д. Жамиля Асылбекова, т.ғ.к. Ерболат Оспанов және KazNARU қабылдау комиссиясының жетекші маманы Динара Бекбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында оқитын шет елдік қазақ жастары арасында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізді.

✅ Кездесуге химия, математика, биология, физика пәндерін таңдаған тыңдаушылары қатысты. Спикерлер KazNARU-дың білім беру бағдарламалары туралы мәлімет бере отырып, университеттің аграрлық саладағы жетекші орны мен ғылыми-практикалық бағыттағы жетістіктерін кеңінен таныстырды. Тыңдаушылардың көптеген сұрақтарына толық жауап қайтарылды. Сондай-ақ, ҚазҰУ жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының басшылығының келісімімен тыңдаушылар (барлығы 20 топ) алдағы маусым айында аграрлық оқу ордасымен тікелей танысуға шақырылды. Мұндай қолдау мен ынтымақтастық еліміздің білім беру кеңістігін бірлесе дамытып, білікті мамандар даярлауға зор үлес қосары сөзсіз.

✅ Бекітілген кестеге сәйкес, KazNARU «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары К.А.Мырзабек пен Д.Т.Казкеев те Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ҰБТ тапсырған талапкерлерге кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізді.

✅KazNARU «Жалпы білім беру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры З.Б.Жұмадилова кәсіптік бағдар беру мақсатында Абай атындағы педагогикалық университетте болып, ҰБТ-ге кірген түлектермен кездесті.

✅ KazNARU «Ветеринария және зооинженерия» факультеті «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының профессоры, в.ғ.д. Гүлназ Ілгекбаева Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Саратовка ауылындағы «Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі» студенттеріне кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Ветеринария, механизация және орман шаруашылығы мамандықтарының 35 студенті қатысқан кездесуде университет туралы видеоматериал көрсетіліп, презентация таныстырылды. Сонымен қатар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Тыңдаушылар QR-код арқылы университет базасына тіркелді.

✅ KazNARU «ІТ-технология» кафедрасының оқытушылары: Г.О.Сейдалиева, Ж.С.Чингенжинова, Г.Е.Сапиева Алматы облысы, Талғар ауданындағы «Алматы экономикалық-құқықтық және педагогикалық» колледжі мен №45 мектеп-гимназияға кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастырып қайтты. Іс-шара барысында университетіміздегі мамандықтар бойынша бейнеролик көрсетіліп, екі тілдегі буклеттер мен толық ақпараттар берілді. Қойылған сұрақтарға толық жауаптар қайтарылды. Оқушылар QR-код арқылы тіркелді. Талапкерлер арасында университетке тапсыруға ниет білдіргендер аз емес.

✅ Кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп жүрген барша әріптестерімізге сәттілік тілейміз!

✅ Алдағы оқу жылында KazNARU факультететтерін таңдап келетін талапкерлеріміздің қатары көбейе берсін!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник