Ақылбек Күрішбаев: "9 мамыр мерекесін әкемді шеруге дайындайтын күн ретінде қабылдайтынмын..."
Мен өзімнің көптеген құрдастарым сияқты 9 мамыр мерекесін әкемді шеруге дайындайтын күн ретінде қабылдайтынмын... Жарқыраған әскери марапаттарын таққан әкем, бұл күні ерекше әдемі болушы еді. Ал біздер әкеміздің келбетін мақтан тұтып, ерекше бақытты сезінетінбіз.
Анасынан ерте айырылған менің әкемнің, Күрішбаев Қажығұлдың балалық шағы өте ауыр болған. Жастайынан жетім қалып, бақташылық еңбектің қиындығын көрген. Бірақ барлық қиыншылықтарға қарамастан, ерте жастан бастап оның «оқысам» деген үлкен арманы болды. 1933 жылы ол Семейдегі автомобильдік жолдар техникумын бітіріп, маман ретінде атақты Түркісіб (Түркістан-Сібір темір жолы) құрылысына қатысты.
Балалық шағымда мен туыстарымнан талай рет 30-шы жылдардағы аштық кезінде оларды әкемнің қалай аман сақтап қалғанын естідім. Әкем өзіне таратылған тамақтың үлесін соларға тасиды екен.
Соғысқа әкем 1942 жылы аттаныпты. Оның білімін ескере отырып, бірден техник-лейтенант офицерлік шені берілген. Басқа да соғысқа қатысушылар сияқты әкем де бізге соғыс туралы әңгімелеуді ұнатпайтын. Ол Қазақстанда жасақталған 310-дивизия құрамында Волхов майданында соғысты. Ленинградты, Ладога көлінде «өмір жолын» қорғаған. Сол жерде қоршаудың басынан бастап талқандалғанына дейін №191 взводты басқарған.
Менің балалық жадымда оның шөлден қажыған сарбаздардың ішерге су таба алмаған әңгімесі қалыпты. Жаңбырдан кейін жан-жақтарында шалшық сулар көп болған, бірақ олар барлық жерде қанмен араласып жатқан... Өлген адам мәйіттері соншалықты көп болған!
Әкем Отан үшін, Сталин үшін аянбай шабуылға шыққандарын айтатын. Сонда адамдарды тек темірдей тәртіп қана емес, идея да біріктірген. Соғыс кезінде әкемді партияға қабылдады.
Соғыстың алғашқы жылдарында қатты аштық болған екен. Жаңбыр мен ызғар, үскірікте солдаттар тек сызды окопты паналаған. Кейінірікте әкем сондай жағдайда олардың ешқайсысының суық тиіп өлмегеніне таң қалып, еске алатын. Міне, рухы биік адам ағзасының мүмкіндіктері осындай.
Жеңімпаз ұрпақ осындай қайратты болған!
Соғыстан кейін әкем Іле аудандық жол басқармасын басқарды. Алматы және Қарағанды облыстарында автомобильдік жолдар құрылысына қатысты. Тың жерлерді игеруге қатысқан. Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін, жоғары партия мектебін бітірді. Аудандық комитетте, Алматы облыстық партия комитетінде, кейін созхоздың парторгы, мектеп директоры болып қызмет атқарды.
Мен өзімнің туған ауылым Шеңгелдідегі әкемнің достары және әріптестерімен кездескен кезде, олар: «Қажекең өте әділ адам еді. Нағыз қазақ интелегенті болды. Ол совхозды, мектепті дамыту үшін көп еңбек етті» деп ыстық естеліктерін айтады. Әркім әкемнің оларға қалай көмектескенін еске алады. Есімде, әкем, тіпті, жасы ұлғайған бола тұра, 150 км қашықтықта орналасқан аудан орталығына ауылдастарының зейнеткерлігін ресімдеуге көмектесу үшін баратын.
Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін, кейін ерен еңбегі үшін әкем көптеген ордендермен және медальдармен, республика басшылығының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оның есімі біздің туған кенттегі Алматы облысы Іле ауданы Шеңгелді елді мекеніндегі көшелердің біріне берілді.
Анам екеуі 40 жылдай бірге қол ұстасып, ұл-қыздарды тәрбелеп өсірді.
Менің тау тұлғалы әкем осындай еді! Жаның жәнатта болсын, Әке!
https://www.facebook.com/story.php?story