С.А.Итегулова қазақ фольклорын зерделеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мәселесімен айналысып жүрген жетекші ғалым. 1995 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетін қызыл дипломмен аяқтап, аталған оқу орнының «Қазақ әдебиеті» кафедрасында оқытушы болып еңбек жолын бастаған ол 2002 жылы 10.01.09-фольклортану мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін Әдебиет және өнер институтында кандидаттық диссертация қорғады.
1995 жылдан бастап 2018 жылға дейін Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқытушы, аға оқытушы, кафедра доценті, сырттай оқу факультетінің деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, Ғалым хатшы қызметтерін атқарды. Астана қаласы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында Әлеуметтік лингвистика бөлімінің басшысы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті Ішкі және келу туризмі басқармасының бас сарапшысы қызметтерін, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында Қолданбалы лингвистика басқармасының басшысы қызметін атқарды. Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Жалпы білім беру кафедрасында қауымдастырылған профессор м.а.
Әр жылдары қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградасы – «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 1995 жылы қызыл дипломмен бітірді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен Әлеуметтік және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері мен пәнаралық зерттеулері нысаны бойынша 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру негізінде атқарылатын «Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобаны орындап, жұмыстың қорытындысы ретінде «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» (Алматы: Полиграфкомбинат, 2016) атты ғылыми-танымдық еңбегін жариялады. Қазір сол еңбек жұртшылық тарапынан сұранысқа ие дүниелердің біріне айналып отыр. Біріздендірілген мифтік кейіпкерлердің сипатын негізге ала отырып, анимациялық өнімдер, комикстер, танымдық қызықты ойындар, тіл үйрену жобалары қолға алынуда. Жоба негізінде әзірленген фольклорлық сипаттамалар бірнеше кітаптар мен жинақтардан орын алып, төрт түліктің визуалды бейнелері мектеп оқулықтарына да енгізілді.
Ал 2023-2025 жылдары жоғарыдағы жобаның заңды жалғасы ретінде, «Эпикалық жырлардағы кейіпкерлер: дәстүр, замана құндылығы және көркем бейне» атты ұжымдық монографияның 65 пайызын орындады. Бұл ұжымдық монографияда қазақ фольклоры ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, фольклорлық кейіпкерлерді визуалдау мен олардың тәрбиелік әлеуеті ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан зерделенеді. Хaлық aуыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендіру мен визуалдаудың заманауи жолдары ұсынылып, батырлық жырлардың жас ұрпақ бойында патриотизмді қалыптастырудағы маңызы нақты мысалдармен дәлелденеді. Қазақ халқының танымал батырлық және ғашықтық жырлары негізінде әзірленген комикстер мен анимациялық фильмдердің тәрбиелік, танымдық, ағартушылық мазмұны жан-жақты сарапталады. Кітап фольклортану, педагогика, өнертану салаларының мамандарына, зерттеушілер мен ізденушілерге, сондай-ақ ұлттық рухани мұраға қызығушылық танытқан жалпы оқырман қауымға арналған.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын «Аңыз-әңгіме кейіпкерлерінің визуалды портретін әзірлеудің филологиялық негізі және практикалық маңызы» (AP26104063) тақырыбындағы ғылыми жобаға жетекші ғылыми қызметкер ретінде қатысуда.
Қазақ фольклоры мен әдебиеттанудың өзекті бағыттарына арналған 60-тан астам ғылыми мақалалары халықаралық, республикалық конференциялар мен отандық, шетелдік басылымдарда жарияланған. Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы 3 куәлігі, «Сезім елестері» (1998ж) атты жыр жинағы, «Ана тағдыры» (2015ж) атты таңдамалы шығармалар жинағы бар.
Ғылыми-шығармашылық бағытта «Қазақ мифологиялық эпосы» атты монографиясы (Алматы: Ғылым, 2004), «Педагогикалық практика: түрлері, ұйымдастырылу және жүргізілу барысы» атты әдістемелік нұсқаулығы (Ақтөбе, 2007), «Қазақ әдеби тілінің анықтамалығы» (Алматы, Полиграфкомбинат, 2016) жарық көрді.
Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған ісшаралар жоспарының «Қазақстанның қасиетті жерлерімен таныстыру мақсатында ақпараттық-анықтамалық материалдарды әзірлеу және шығару» тармағы бойынша 2018–2021 жылдар аралығында «Атамекен» ақпараттық-танымдық кітабының 4 томын әзірледі. Өлкеміздің бай табиғи, тарихи, туристік əлеуетін таныту мақсатында қолданылған иллюстрациялық материалдар жинақтың тартымдылығын арттырып, қандастар тарапынан жылы қабылданды.
Сонымен қатар С.Итегулова тарихи атауларды, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын бір жүйеге келтіру мақсатында атқарылған іс-шараларды ғылыми қолдау барысында да іскерлігін танытты. Оның авторлығымен «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» республикалық семинар-кеңесіне қатысушыларға әдістемелік құралдар әзірленіп, «Қостанай облысының қазіргі және тарихи атаулары», «Павлодар облысының тарихи және қазіргі атаулары», «Шығыс Қазақстан облысының қазіргі және тарихи атаулары», «Солтүстік Қазақстан облысының тарихи және қазіргі атаулары» атты жинақтары жарық көрді. Сондай-ақ «Қазақстанның 70 тарихи орны» атты тарихи жəне географиялық орындардың суретті энциклопедиясын құрастыруға қатысты.
Бірінші курс студенттеріне «Қазақ тілі» пәнінен сабақ береді.
1. 07.10-16.10.2024 аралығында «Өзге тілді аудиторияда қазақ тілін оқыту» тақырыбындағы 72 сағаттық курс (Алматы қаласы, Абай университеті, Сертификат №001475);
2. 13.01-30.01.2025 аралығында «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың психологиялық мәселелері» тақырыбындағы 72 сағаттық курс (Алматы қаласы, Өрлеу, Сертификат № 251301-0001-1072);
3. 26.05-05.06.2025 аралығында «Жоғары оқу орнындағы инклюзивті білім беру» тақырыбындағы 72 сағаттық курс (Алматы қаласы, ТОО "LAWYERS&CO.", Сертификат №10378)
4. 06.02.2026 аралығында «Жасанды интеллект негіздері: GPT чаты» тақырыбындағы Skillbox онлайн-курсы (ТОО «Ньюсклиз», Сертификат №KZ330758).