«Мамандық-менің таңдауым, болашақ-менің бағым»
2026 жылғы 20 қараша күні «Ветеринария және зооинженерия» факультеті, «Биотехнология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттерінің ұйымдастыруымен «Мамандық – менің таңдауым, болашақ – менің бағым» тақырыбында ауқымды BIOTECH FEST шығармашылық-танымдық кеші жоғары деңгейде өткізілді. Бұл іс-шараның басты мақсаты — студент жастардың таңдаған мамандығына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттыру, болашақ биотехнолог мамандардың кәсіби бағдарын айқындау, сондай-ақ білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ұстаздар мен студенттер арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту болды. Мерекелік кешке факультетіміздің білікті профессор-оқытушылар құрамы, ұлағатты ұстаздары мен өзге топтардың студенттері арнайы қонақ ретінде қатысып, іс-шараның маңыздылығын арттыра түсті. Кеш бағдарламасы өте мазмұнды, тартымды әрі заманауи форматта ұйымдастырылды: биотехнология саласының маңыздылығы мен қыр-сырын ашатын мағыналы театрландырылған қойылым көрсетіліп, өнерлі студенттердің орындауында жүрекке жылы тиетін әсем әндер шырқалды, ұлттық және заманауи бағыттағы мың бұралған билер биленді. Сонымен қатар көрермендер мен қатысушылар арасында мамандыққа қатысты танымдық викториналар, логикалық сұрақтар мен түрлі көңілді интерактивті ойындар ойнатылып, белсенділік танытқан студенттерге ерекше қошемет көрсетілді. Кеш соңында ұстаздар қауымы сөз сөйлеп, жастардың бастамашылдығына, ұйымдастырушылық қабілеттері мен өнерлеріне жоғары баға беріп, оқулары мен ғылыми ізденістеріне сәттілік тіледі. Жылы әрі достық атмосферада өткен бұл шара барлық қатысушыларға ерекше көңіл күй, шабыт пен ұмытылмас әсер сыйлады.
Орындаған: Баймәжі Е