КЕГЕН АУДАНЫНДА МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӨШПЕЛІ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ӨТТІ
Алматы облысы Кеген ауданының прокуратурасы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бірлескен бастамасымен аудан мектептерінің бітіруші түлектеріне арналған көшпелі «Ашық есік күні» өтті.
Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты және «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз білім беру ортасының маңызын түсіндіруге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағытталды.
Кездесу барысында оқушыларға KazNARU-дың білім беру бағдарламалары, факультеттері, оқуға түсу мүмкіндіктері, студенттік өмірі мен кәсіби даму перспективалары туралы ақпарат берілді. Мектеп түлектері университет өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдау және жоғары білім алу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Көшпелі «Ашық есік күні» мектеп түлектеріне кәсіби бағдар берумен қатар, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жеке жауапкершілігін арттыруға және болашаққа сенімді қадам жасауына ықпал ететін маңызды алаң болды.
Іс-шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен Кеген ауданының прокуроры Алмат Даниловқа, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Масимхановқа, сондай-ақ прокуратура мен білім бөлімінің ұжымдарына алғыс білдіреміз.
Мұндай бірлескен бастамалар білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастардың сапалы білім алуына және саналы кәсіби таңдау жасауына қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.