KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «МЕЙІРІМ СЫЙЛА» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІС-ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ

KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «МЕЙІРІМ СЫЙЛА» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІС-ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ

2026 жылғы 31 қазанда Алматы қаласындағы «Перзент» қайырымдылық балалар үйінде KazNARU студенттерінің қатысуымен «Мейірім сыйла» қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Іс-шараны «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасына қарасты МШ-25-01К тобының студенттері кураторы Гүлзат Ғабитқызымен бірге ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – балаларға қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсету, сондай-ақ студенттердің бойында жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру.

«Перзент» балалар үйін көпшілікке Амина апа ретінде танымал Амина Аджибаева басқарады. Мекеме 30 жылдан астам уақыт бойы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетіп келеді.

Студенттер балалардың сүйікті тағамдарынан дайындалған түскі ас әкеліп, тәттілер мен сыйлықтар табыстады. Арнайы аниматорлық костюмдер киіп, түрлі ойындар мен танымдық тапсырмалар ұйымдастырды. Балалар ойындарға белсене қатысып, ептілігі мен тапқырлығын көрсетті. Ән шырқалып, еркін әңгімеге ұласқан кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті.

Балалардың шынайы күлкісі мен ықыласы студенттерге ерекше әсер қалдырды. Бірге өткізген уақыт қатысушыларға қуаныш сыйлап, жастарға қамқорлық пен өзара қолдаудың маңызын сезінуге мүмкіндік берді.

Мұндай бастамалар студенттерді қоғамдық өмірге белсенді араласуға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және ізгі істерге атсалысуға баулиды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар «Перзент» қайырымдылық балалар үйінің басшылығы мен ұжымына жылы қабылдап, кездесуді өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник