ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ – САНАЛЫ ҰРПАҚТАН БАСТАЛАДЫ
Бүгін KazNARU-да «Әділетті қоғам құр» жобасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы талқыланды.
Талқылау барысында әділетті қоғам құру, білім мен ғылымды дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелері көтерілді.
Алматы қаласының студенттік омбудсмені Аманжол Рабатов жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен ел болашағы алдындағы жауапкершілігіне тоқталды. Сонымен қатар әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Тауекелова және бірінші курс студенттері Ердос Сабыров пен Саадат Аширахун кітапта қамтылған тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салды.
Қатысушылар Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» деген тұжырымына назар аударып, кітап оқу мәдениеті, сыни ойлау, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды меңгеру және рухани құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған мәселелер бойынша ойын білдірді. Шара жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және ел болашағына қатысты жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды.