KazNARU-да Coca-Cola İçecek Kazakhstan ӨКІЛДЕРІ ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТКІЗДІ

KazNARU-да Coca-Cola İçecek Kazakhstan ӨКІЛДЕРІ ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТКІЗДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Инженерлік технологиялар факультетіне қарасты «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасында Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Қонақ дәріске компания мамандары Амина Таубаева мен Аружан Айдарханова қатысып, студенттерге өндіріс саласындағы кәсіби мүмкіндіктерді таныстырды.

Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметі, өндірістік үдерістері, заманауи технологиялары және өнім сапасын бақылау стандарттары туралы ақпарат берілді. Студенттер алкогольсіз сусындар өндірісінің ерекшеліктерімен, технолог маманының міндеттерімен және өндірістік кәсіпорындардағы жұмыс талаптарымен танысты.

Қонақ дәрісте жастардың кәсіби дамуына бағытталған Tandauym, Summer Internship және First Step Trainee Program бағдарламалары таныстырылды. Аталған бастамалар студенттерге компанияның жұмыс ортасымен танысуға, өндірістік тәжірибе жинақтауға және кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Tandauym бағдарламасы жастардың кәсіби дамуына бағытталса, Summer Internship жазғы тағылымдамадан өтіп, тәжірибелік білім алуға жағдай жасайды. Ал First Step Trainee Program жас мамандардың еңбек жолын бастауына және кәсіби құзыреттерін қалыптастыруына арналған.

Кездесу барысында студенттер өндірістік технологиялар, сапаны бақылау, тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойып, компания өкілдерімен пікір алмасты.

Мұндай кездесулер білім беру мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауға ықпал етеді. KazNARU алдағы уақытта да өндірістік кәсіпорындармен серіктестікті дамытып, студенттердің тәжірибелік білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник