KazNARU-да АЛМАТЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫ МЕН КӨГАЛДАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

KazNARU-да АЛМАТЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫ МЕН КӨГАЛДАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

KazNARU-да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Алматы қаласының атмосфералық ауасын жақсарту және көгалдандыру мәселелеріне арналған тағылымды кездесу өтті.

KazNARU Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов қонақ дәрісті ашып, спикерлерді таныстырды. Өз сөзінде ол қоршаған ортаны қорғауда ғылым мен білімнің рөліне назар аударып, университеттің ғылыми әлеуетін Алматының нақты экологиялық міндеттерін шешуге бағыттаудың маңызын атап өтті.

Қонақ дәрісті Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы, KazNARU түлегі Серік Әділбаев жүргізді. Ол Алматының экологиялық ахуалы, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, жасыл қорды сақтау, қалдықтарды тиімді басқару және аумақтарды абаттандыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасының экологиялық мәдениет пен табиғатқа жауапкершілікті арттырудағы маңызын атап өтті.

«Жасыл Алматы» КММ басшысы Тимур Елеусізов көгалдандырудың тиімділігі ағаш отырғызылған көшеттер санымен ғана емес, олардың жерсінуі, сақталуы және ұзақ мерзімді күтімімен бағалануы керектігін айтты. Ол өсімдік түрлерін климат пен топырақ жағдайына сәйкес таңдау, суару және күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызын атап өтті.

Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінің деканы Дани Сарсекова білім беру мен ғылыми зерттеулердің сабақтастығына тоқталып, экологиялық бағыттағы жобалардың студенттердің кәсіби тәжірибесін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Университеттің жасыл желектерді түгендеу және дендрологиялық жоспарлау бағытындағы жұмыстарын Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінің профессоры Талғат Кертешев таныстырды. Жоба аясында дрондар арқылы жасыл желектерді зерттеу, топырақ құрамын анықтау және Алматы қаласының аудандары бойынша дендрологиялық жоспарлар әзірлеу жоспарланған.

Кездесу барысында ағаштар мен бұталарды отырғызу кезінде олардың түрлік ерекшеліктерін, климаттық және топырақ жағдайын ескерудің, сондай-ақ кейінгі суару, күтіп-баптау және қорғау талаптарын сақтаудың маңызы айтылды.

Студенттер спикерлерге сұрақ қойып, Алматының экологиялық жағдайы, жасыл желектерді сақтау және көгалдандырудың ғылыми негіздері жөнінде пікір алмасты.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник