KazNARU-да «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ОҚУ ҚҰРАЛЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

KazNARU-да «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ОҚУ ҚҰРАЛЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

2026 жылғы 23 қыркүйекте KazNARU-да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тіл – халықтың жүрегі, ұлттың тірегі» апталығы аясында «Қазақ тілі: ортадан жоғары деңгей (В2-1)» оқу құралының таныстырылымы өтті. Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, тіл саласының мамандары және білім алушылар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үшінші Ұлттық құрылтайда қазақ тілін бизнес, техника және ғылым тіліне айналдырудың маңызын атап, бұл бағытта нақты практикалық жұмыстарға басымдық беру қажеттігін айтқан болатын. Осы міндеттер тұрғысынан алғанда, жаңа оқу құралының практикалық маңызы ерекше. Ол білім алушылардың қазақ тілін кәсіби ортада қолдану дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

Таныстырылым барысында KazNARU-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Гүлмира Алпысбаева оқу құралының болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөліне тоқталды.

Тілдер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Жонкешов қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үдерісіндегі салалық терминологияның маңызын айқындап, болашақ мамандардың қазақ тілінде еркін кәсіби коммуникация жасауына мүмкіндік беретін оқу ресурстарын қалыптастырудың өзектілігіне назар аударды.

Жаңа оқу құралының мазмұны мен құрылымын авторлардың бірі, Тілдер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сая Итегулова таныстырды. Ол еңбектің негізгі мақсаты – білім алушылардың тілдік біліктілігін кәсіби контексте жетілдіріп, ауыл шаруашылығы саласына тән коммуникативтік жағдаяттарда еркін әрі сауатты қарым-қатынас жасай алатын маман қалыптастыру екенін жеткізді.

Серіктес автор, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Баянды Оспанованың пікірінше, оқу құралы кәсіби ақпаратты мемлекеттік тілде қабылдау, өңдеу және талдау мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, білім алушылардың кәсіби әлеуметтенуіне тікелей ықпал етеді.

Таныстырылымға Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек қатысып, кәсіби коммуникацияны дамытуға бағытталған мұндай оқу құралдарын әзірлеу қазіргі заман талабы екенін баса көрсетті.

Іс-шарада Satbayev University Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Алмас Үдербаев, Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасен және басқа да мамандар кәсіби қазақ тілін оқыту, салалық терминологияны қалыптастыру мәселелері бойынша пікірлерін ортаға салды.

Талқылау барысында оқу құралын білім беру үдерісіне тиімді енгізу, оны жетілдіру және келесі деңгейлерін әзірлеу бағыттары айқындалды.

Жаңа оқу құралы – қазақ тілін меңгертудің кезекті оқу басылымы ғана емес, мемлекеттік тілді кәсіби ортада еркін қолдануға бағытталған бірегей практикалық құрал. Сондықтан ол болашақта білім беру үдерісінде кеңінен пайдаланылып, кәсіби қазақ тілін дамытуға және қазақ тілінің ғылым, білім мен өндірістегі қолданыс аясын кеңейтуге қызмет етеді деп сенеміз.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник