KazNARU ЖАС ҒАЛЫМДАРЫНА PhD ДИПЛОМДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

KazNARU ЖАС ҒАЛЫМДАРЫНА PhD ДИПЛОМДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

2026 жылдың 26 маусымында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы ЖОО-ның диссертациялық кеңестерінде өз жұмыстарын сәтті қорғаған бір топ жас ғалымдарға «Жоғары оқу орнының белгіленген үлгідегі философия докторы (PhD)» дәрежесі иегерлерін марапаттау рәсімін өткізді. 
Пірімқұл Шолпанқұлұлы өз сөзінде жас ғалымдарды ғылым жолындағы маңызды жетістіктерімен құттықтап, университеттің заманауи білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалары аясында қалыптасқан кәсіби әлеуетіне сенім білдірді. Сондай-ақ алдағы ғылыми және кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.
Университет өміріндегі маңызды салтанатты іс-шараға университет басшылығы, ғылыми кеңесшілер, жас ғалымдар мен олардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиында отандық ғылымның жаңа буыны атынан 8D08102 – «Топырақтану және агрохимия» білім беру бағдарламасының философия докторы Жандыбаев Оркен Серпинұлы, 8D08302 – «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» білім беру бағдарламасының философия докторы Ахметов Руслан Сабырович және «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің» 8D09101 – «Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламасының философия докторы Сатыбаев Берик Гариполлиевич сөз сөйледі.
Ғылыми кеңесшілер атынан ветеринария ғылымдарының докторы, «ДиаВак-АБН ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС директоры Абишов Абдикалык Абдижаппарович және ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС микробиология зертханасының бас ғылыми қызметкері Сырым Назым Сырымқызы құттықтау лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар ата-аналар атынан Искаков Канаш Абдыкапасович пен Жандыбаева Роза Серғазиевна жылы тілектерін жеткізіп, жас ғалымдарға сәттілік тіледі.
KazNARU «Философия докторы (PhD)» дәрежесін алған 18 жас ғалымды шын жүректен құттықтайды. Олардың ғылыми ізденістері еліміздің дамуына үлес қосып, отандық ғылымның жаңа жетістіктеріне жол ашады деп сенеміз.
 
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник