KazNARU СТУДЕНТ ҚЫЗДАРЫ «TAÑDAUYM» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СТИПЕНДИАТТАРЫ АТАНДЫ
Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясы мен «Еуразия Орталық Азия» қоры бірлесіп ұйымдастырған «Tañdauym» стипендиялық бағдарламасы техникалық және инженерлік бағытта білім алып жатқан студент қыздарды қолдауға арналған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.

Бағдарлама студенттердің кәсіби дамуына ықпал етіп, олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Жоба аясында қатысушылар тәжірибелі менторлармен жұмыс істеп, түрлі тренингтерге, оқу-танымдық сапарларға қатысып, білім беру гранттары мен шәкіртақы иеленуге мүмкіндік алды.
Осы бағдарлама аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі кафедрасының ТПРП 22-07К тобының студенттері Шайхы Гүлназ бен Абиыр Гаухар жоғары нәтиже көрсетіп, «Tañdauym» бағдарламасының стипендиаттары атанды. Олар 6 ай бойы арнайы шәкіртақы иеленіп, бағдарлама барысында белсенділігімен, жауапкершілігімен және кәсіби салаға деген қызығушылығымен ерекшеленді.

Бағдарлама қатысушылары тек қаржылық қолдау алып қана қоймай, кәсіби ортада тәжірибе жинақтап, өндірістік және инженерлік салалар бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгерді. Шайхы Гүлназ бен Абиыр Гаухар да осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, тағам қауіпсіздігі саласындағы білімін тереңдете түсті.
2026 жылдың 28 мамырында «Tañdauym» бағдарламасының қорытынды кеші ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара барысында бағдарламаға белсенді қатысып, жоғары жетістік көрсеткен студенттер марапатталды. Солардың қатарында KazNARU студенттері Шайхы Гүлназ бен Абиыр Гаухар да ерекше аталып өтіп, бағдарлама стипендиаттары ретінде құрметке ие болды.
Студенттерді қолдау мақсатында салтанатты кешке «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Алдибаева Л.Т. және кафедра меңгерушісі Мамаева Л.А. қатысты. Сонымен қатар студенттердің дамуына қолдау көрсеткені үшін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығына және Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі кафедрасына арнайы алғыс хаттар табысталды.

Бұл жетістік — студенттердің білімге деген талпынысының, университет пен кафедра ұстаздарының қолдауының нәтижесі. Осындай халықаралық компаниялардың қолдауымен жүзеге асырылатын жобалар жастардың кәсіби дамуына үлкен серпін беріп, олардың болашақ мансап жолына сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.
Шайхы Гүлназ бен Абиыр Гаухардың жетістігі басқа студенттерге де мотивация беріп, білім мен ізденістің арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатынын дәлелдейді. Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі кафедрасы алдағы уақытта да студенттердің ғылыми, кәсіби және шығармашылық дамуына қолдау көрсетіп, білікті мамандар даярлау жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді.



