KazNARU БАЗАСЫНДА «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

KazNARU БАЗАСЫНДА «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

2026 жылғы 1 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа жазғы маусымы басталды.
«Жасыл ел» жобасы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсат-міндеттерімен үндесіп, жастарды қоршаған ортаны қорғауға, қаланы көркейтуге және қоғамдық пайдалы еңбекке белсенді тартуға мүмкіндік береді.
KazNARU студенттері 2005 жылдан бастап мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі саналатын «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қозғалысына белсенді қатысып келеді. 
Биыл жоба аясында KazNARU студенттерінен құралған еңбек жасақтары жазғы демалыс кезінде университет базасында еңбек етеді. Олар бақтарды күтіп-баптау, демалыс аймақтарын тазалау, суғару, көріктендіру жұмыстарымен қатар, оқу корпустары мен жатақханаларда косметикалық жөндеу, әктеу және сырлау жұмыстарына қатысады.
Сонымен қатар студенттердің бос уақытын тиімді өткізуі үшін спорттық, мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Университет тарапынан қатысушыларға қажетті әлеуметтік жағдайлар жасалып, арнайы форма, жайлы жатын орын және еңбекке қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған.
Университет басшылығы «Жасыл ел» жасағының мүшелеріне табысты еңбек, ұйымшылдық және сәттілік тілейді!
KazNARU Баспасөз қызметі
 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник