KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «ЖАСТАР ЫСЫРАПШЫЛДЫҚҚА ҚАРСЫ» БАСТАМАСЫН ҚОЛДАДЫ
KazNARU-да Алматы жастарының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар ысырапшылдыққа қарсы: Үнем – Сана – Мәдениет» жобасы аясында танымдық кездесу өтті. Іс-шараны университеттің «Су сақшылары» еріктілер тобы қолдап, студенттер арасында ресурстарды үнемдеу, саналы тұтыну және экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Интерактивті форматта өткен кездесуде студенттер су, электр энергиясы, жылу ресурстары мен азық-түлікті тиімді пайдалану бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ ысырапшылдықтың алдын алу, күнделікті өмірде үнемшілдік дағдыларын қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау тақырыптарында презентациялар мен бейнематериалдар ұсынылды.
Аталған жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының комьюнити-орталықтарында бастау алған «Жастар ысырапшылдыққа қарсы. Үнем – Сана – Мәдениет» челленджі аясында жүзеге асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты – жастар арасында саналы тұтыну мәдениетін, ресурстарға ұқыпты қарауды және қаржыға жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру.
Жоба шеңберінде жастар шамадан тыс шығын, имидж үшін несие алу, әлеуметтік желілердің ықпалы, сондай-ақ су, энергия, азық-түлік және өзге де ресурстарды үнемді пайдалану мәселелерін талқылауда. Қатысушылар нақты өмірлік жағдайларды саралап, күнделікті өмірде қолдануға болатын тиімді шешімдер ұсынуда.
Кездесу барысында KazNARU студенттері үнемшілдік – шектеу емес, керісінше саналы таңдау мен жауапкершіліктің белгісі екенін атап өтті. Университет жастары ресурстарды ұқыпты пайдалану және ысырапшылдыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырудың маңызын көрсетті.
Ысырапшылдыққа жол бермейік – жарқын болашақты бірге құрайық!

