KazNARU ӘСКЕРИ КАФЕДРАCЫНЫҢ ЖАС ОФИЦЕРЛЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

KazNARU ӘСКЕРИ КАФЕДРАCЫНЫҢ ЖАС ОФИЦЕРЛЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1946 жылдан бастау алатын Әскери кафедрасын тәмамдаған 363 студент «запастағы лейтенант» атағын алып, салтанатты түрде әскери ант қабылдады.
Салтанатты рәсімге Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов қатысып, екі жылдық курсты сәтті аяқтаған түлектерді шын жүректен құттықтады.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында ҚазҰАЗУ базасында 181 студент бір жылдық оқуын сәтті бітіріп «запастағы сержант», ал екі жылдық бағдарламамен оқыған 182 студент «запастағы лейтенант» атанып отыр.
Жоғары оқу орнына түскен әрбір жастың арманы – терең білім алып қана қоймай, Отан алдындағы борышын өтеуге мүмкіндік беретін әскери мамандықты қатар меңгеру. Алматы қаласында мұндай әскери дайындық беретін санаулы жоғары оқу орны болса, соның ең ірісі – KazNARU Әскери кафедрасы.
Мемлекеттік грант негізінде білім алатын студенттер Әскери кафедрада тегін оқиды. Ал ақылы бөлімде оқитындар белгіленген тариф бойынша білім ала алады.
Бүгінгі салтанатты іс-шараға студенттердің ата-аналары мен жақындары арнайы қатысып, түлектердің жетістігіне ортақтасты. Іс-шара барысында ата-аналардың балаларына деген мақтанышы мен қуанышы ерекше сезілді.
Салтанатты ант қабылдау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әскери тәртіп пен патриоттық рухтың айқын көрінісіне айналды. Бұл күн түлектер үшін ғана емес, университет тарихындағы маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды.
KazNARU қабырғасында білім алып жүріп, офицер немесе сержант атанғысы келетін талапты жастарға, соның ішінде қыздарға да есігіміз әрқашан ашық!
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник