KazNARU СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАДА І ОРЫН ИЕЛЕНДІ
2026 жылғы 29–30 сәуір аралығында «Шәкәрім университеті» КеАҚ базасында, «Ауыл шаруашылығы» кафедрасының ұйымдастыруымен 6В08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттері арасында XVIII Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Білім бәйгесіне еліміздің 5 жетекші жоғары оқу орнынан 5 команда қатысты. Олардың қатарында Шәкәрім университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Торайғыров университеті және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті болды.
Аталған республикалық олимпиадаға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария және зооинженерия» факультеті, «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының профессоры Ш.Р. Адылканованың жетекшілігімен 6В08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері Адылқан Елбосын, Жақыпберді Жібек және Аятбек Аяулым қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша KazNARU студенттері жоғары теориялық білімін, кәсіби дағдыларын және практикалық дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі І орынға ие болды. Сондай-ақ жеңімпаз команда 100 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттерінің бұл жетістігі — университеттегі білім сапасының, кәсіби даярлықтың және аграрлық салаға қажетті білікті мамандарды қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі.
Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы — еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсету болашақ мамандардың жоғары әлеуетін және ауыл шаруашылығы саласына қосатын үлесінің зор екенін дәлелдейді.
KazNARU жеңімпаз студенттерді және жетекшісін құттықтай отырып, алдағы уақытта да білім, ғылым және кәсіби шеберлік жолында жаңа жетістіктер тілейді!

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)