ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН KazNARU ҰЖЫМЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ «НАУРЫЗ» МЕРЕКЕСІН ЖАҢАША АТАП ӨТТІ

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН KazNARU ҰЖЫМЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ «НАУРЫЗ» МЕРЕКЕСІН ЖАҢАША АТАП ӨТТІ

2026 жылдың 11 сәуірінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жаңғырған орталық стадионында «Наурыз» мерекесі кең көлемде аталып өтті. Қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтауға бағытталған «Наурыз-думан» мерекесі ел бірлігін нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған тағылымы мол мазмұнды шараға айналды.

 

«Наурыз-думанға»  Қазақстандағы  Түркия Республикасының Бас консульдығы өкілдері, Алматы, Жетісу облыстары, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігінің өкілдері, облыстық және аудандық ауыл шаруашылық басқармаларының басшылары, Алматы қаласы білім басқармасының өкілдері, университетіміздің Директорлар Кеңесі мен Ақылдастар алқасының мүшелері, еншілес ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, Түлектер қауымдастығының өкілдері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, профессор-оқытушылар қауымы және студент жастар қатысты.
ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Президенті, университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы жиналған қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай отырып, заманауи оқу ордасының бүгінгі даму тынысын, инновациялық жаңғыруын, отандық білім мен ғылымды дамытудағы көшбасшылық рөлін атап өтті. Ол өз сөзінде «биылғы Наурыз еліміз үшін саяси жаңғырудың жаңа кезеңінің басталуымен ерекшеленді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен жалпыхалықтық референдумда еліміздің жарқын болашағы үшін тарихи таңдау жасадық. Жаңа Конституциямыз қабылданды» дей келе, адами капитал, ғылым мен білім, мәдениет пен инновация басты бағыт ретінде айқындалған қоғамымыздың дамуына университетіміздің ғалымдары мен ұстаздарының, білімді жастарының қосар үлесі мол болатынына сенім білдірді.
Мерекелік іс-шара аясында университет департаменттері мен басқармалары, факультеттер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауылдар құрып, қолөнер бұйымдарынан көрмелер ұйымдастырды. 
Садақ тарту, кір көтеру, арқан тарту, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, қол күрестіру секілді ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар мерекенің сәнін кіргізіп,  жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар, әр этноауыл маңында бесікке салу, тұсаукесу, келін түсіру, беташар сынды ғұрыптар көрсетіліп, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Айрықша сәттердің бірі – Ақылбек Қажығұлұлының бір жасар сәбидің тұсауын кесіп, ақ батасын беруі болды.
Концерттік бағдарлама қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау мақсатында факультеттердің өнерлі жастары дайындаған «Сүйінші», «Шашу», «Қазақ өнері», «Қазақ күресі»,  «Айтыс», «Қазақ ұлттық аспаптары», «Қазақы дастархан», «Ата-дәстүр» бөлімдерін қамтитын этностильдегі қойылым түрінде ұсынылды. «Алтын дән» вокальды-аспаптар ансамблі, «ONE» және «WayB» би топтары, «Univers» триосы, «Albeni’s» ұйымы, «Тұғыр» квартеті, «Серпер» ұйымының жастары өз өнерлерін паш етіп, көрерменге ерекше позитив сыйлады. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Құдайберген Бекіш сахна көркін одан әрі айшықтап, кештің шырайын кіргізе түсті.
Ғылым қызметкерлері күнімен тұспа-тұс  өткізіліп отырған бұл мерекелік іс-шарада  университетіміздің бір топ қызметкерлеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» Алғыс хаттары табысталды.  
Мереке қарсаңында студенттік жатақханалар арасында өткізілген байқаудың жеңімпаздары да Ректордың атынан арнайы дипломдармен, қаржылай сыйақылармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Ақылбек Күрішбаев «Наурыз-думан» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жандарға ерекше ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимовке, сондай-ақ проректорлар Қуат Сұлтанғазиев, Асима Ералиеваға, белсене қатысқан университетіміздің профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлеріне, өнерлі жастарға шынайы алғысын білдірді.
Мерекеге жиналған қалың көпшілік жарастық пейілмен кең дастарханнан наурыз көже, қымыз-шұбат, бауырсақ, құрт және басқа ұлттық тағамдардың дәмін татып, ардагер ағалардың ақ батасын алды.
 
KazNARU баспасөз қызметі
Фото: Ботабеков Мамыржан
 
 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник