KazNARU-да АҒЫЛШЫН ТІЛІ КУРСЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫ ӨТТІ
2026 жылғы 27 ақпанда KazNARU-да студенттерге арналған ағылшын тілі курсының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара университеттің халықаралық бағыттағы стратегиялық дамуы аясында жүзеге асырылып отырған маңызды білім беру бастамаларының бірі ретінде ұйымдастырылды.
Курстың басты мақсаты – білім алушылардың ағылшын тілі бойынша коммуникативтік құзыреттілігін дамыту, академиялық және кәсіби жұмыс дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ халықаралық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларға қатысу әлеуетін кеңейту. Бағдарлама аясында студенттер академиялық жазылым мен ауызша сөйлеу машықтарын жетілдіріп, кәсіби терминологиялық қорын дамытады және халықаралық емтихандарға, соның ішінде IELTS сертификатына жүйелі түрде дайындалады.
Ашылу рәсімінде Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы университеттің халықаралық даму бағытындағы басымдықтарына кеңінен тоқталды. KazNARU-дың халықаралық серіктестік географиясы кеңейіп келе жатқанын, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық нығайып, қос дипломды білім беру бағдарламалары табысты іске асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға жүйелі түрде жағдай жасалып отырғанын жеткізді.
Проректор тілдік дайындықтың маңыздылығын ерекше атап өтіп, шет тілін білу жаңа есіктерді ашып, жаңа мүмкіндіктерге жол бастайтынын айтты. Оның сөзінше, өз мамандығын жетік меңгеріп, бірнеше тілді еркін игерген маман – еңбек нарығында аса сұранысқа ие кәсіби тұлға. Мұндай маман халықаралық әріптестермен аудармашысыз тікелей байланыс орнатып, тәжірибе алмаса алады, бұл өз кезегінде кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтіп, ғылыми және өндірістік ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады.
Курс аясында университет ішінде ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын таңдаулы топтар құрылып, екі айлық қарқынды дайындық ұйымдастырылады. Сонымен қатар студенттердің еркін сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында English Club жұмысы жолға қойылады.
Іс-шара барысында «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының меңгерушісі Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы курстың мазмұны мен ұйымдастырылу ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Курс ақысыз негізде жүзеге асырылады, білім алушылар деңгейлік тестілеуден өтіп, нәтижесіне сәйкес топтарға бөлінеді және сабақ кестесі бекітіледі.
Сонымен қатар университетте неміс және түрік тілдерін оқыту мүмкіндігі қарастырылған. APOLLO бағдарламасы аясында Германияда жалақылы тағылымдамадан өтуге жол ашылған.
Аталған жоба – KazNARU студенттерінің академиялық және кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі әрі стратегиялық қадам.
KazNARU Баспасөз қызметі


.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)