KazNARU-де МҰҚАҒАЛИ МҰРАСЫ ДӘРІПТЕЛДІ
KazNARU-да қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті. «Мұзбалақ - жыр керуені» тақырыбымен ерекше форматта өткен іс-шараның басты мақсаты - ақынның бай әдеби мұрасын студент жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ оның шығармашылығы арқылы жастар бойында Отанға, туған жерге, өмірге, отбасына деген сүйіспеншілік сезімін нығайту, патриоттық рухын арттыру.
Кеш жыр әлеміне жасалған керуен үлгісінде ұйымдастырылып, залға жиналған қауым шараға қатысушылармен бірге «KazNARU», «Туған жер», «Отбасы», «Ғашық жүрек», «Өмір», «Мұқағали - мәңгілік» атты бекеттерге аялдай отырып, ақын шығармашылығына рухани сапар жасады.
Шараның шымылдығы Мұқағали бейнесін сомдаған студенттің тебірене өрнектеген өлең жолдарымен ашылып, ақынның ішкі жан дүниесі сахналық көрініс арқылы жеткізілді. Өнерлі жастар әрбір бекеттің тақырыбына сай ақынның лирикалық жырларын жатқа мәнерлеп оқыды. Атап айтқанда, ақынның «Үш бақытым», «Отан», «Қарасаз», «Бұзылған үй», «Әке», «Арманда, ұлым», «Дос боламын десең», «Ғашықпын», «Мен сені сағынғанда», «Күрсінбеші», «Жанарым», «Ей, өмірім!», «Мен таулықпын», «Шыда», «Жалғызым менің, қайтер ең?», «Ей, бауырым», «Өмір жайлы» сынды өлеңдері көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Кеш барысында ақынның сөздеріне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Саржайлау», «Сәби болғым келеді», «Ұнатамын мен сені», «Несіне асығады», «Мұзбалақ» әндері орындалып, шара мазмұнын тереңдете түсті. Әсіресе гитара сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалған әндер көрермен көңілінен шықты.
Әдеби-сазды кеш Мұқағали Мақатаевтың: «...Мен өзім жайында мынаны айтам: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…» деген тағылымды ойымен түйінделіп, ел болашағы саналатын жастарға артылар жауапкершілікті айқындай түсті.
Университеттің Жастар ісі жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен өткен бұл әдеби-сазды кеш Мұқағали поэзиясының ұлттық санамен біте қайнасқан, уақытпен бірге жасайтын мәңгілік көркемдік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған мазмұнды әдеби шаралар алдағы уақытта студенттік жатақханаларда да өз жалғасын табатын болады.
https://www.facebook.com/100043580851461/posts/1442768447185837/?mibextid=wwXIfr&rdid=EdANRZZBXaFbhLZk#
