ЖАЗУШЫ БЕЙБІТ САРЫБАЙ KazNARU СТУДЕНТТЕРІНЕ РУХАНИ КЕШ СЫЙЛАДЫ
2025 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде қазақ әдебиетінің кең өрісінде өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті жазушы Бейбіт Сарыбай студенттермен рухани-шығармашылық кездесу өткізді. Жылы атмосферада өткен бұл басқосу жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылыққа жетелеген мәні терең тағылымды шара болды.
Кездесу барысында жазушы әңгімесін өзінің қалыптасу жолынан бастап, қаламгерлік ізденісі мен шығармашылық еңбектерінің қыр-сырына тоқталды. Ол әдебиеттің қоғамдағы рөлі, жазушының жауапкершілігі және ұлттық құндылықтарды көркем тілдің қуатымен жеткізудің маңызы жөнінде өз ой-толғамдарын бөлісті.
Жазушы қазіргі қазақ прозасының даму үдерісі, жастар әдебиетінің ерекшелігі және жаңа буын қаламгерлерге қажет шеберлік дағдылары жөнінде нақты мысалдар келтіріп, студенттердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Әр сұраққа тоқталып, тәжірибесімен бөлісуі жастардың қызығушылығын арттырып, ой салды.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – автордың жуырда жарық көрген «Шаршы алаңнан тыс өмір» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды. Туынды даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттық жолына арналған. Автор бұл еңбекті жазу барысында Түркістан өңіріне арнайы сапар шегіп, ең алдымен батыр ұлдың мәңгілік мекеніне барып, құран бағыштағанын айтты. Одан кейін жазушы Бекзаттың анасымен, оны баптап шыңдаған жаттықтырушыларымен, балалық шағы мен спорттағы жолын бірге көрген жақындарымен жүздесіп, мол дерек жинаған.
«Сол сапарлардың нәтижесінде бұрын-соңды жарияланбаған тың деректер мен оқиғалар кітапқа енгізілді», – дейді автор.
Шара соңында студенттер Бейбіт Сарыбайдың жаңа кітабынан қолтаңба алып, естелікке суретке түсті. Жастар үшін бұл – тек әдеби кездесу ғана емес, мотивация мен шабытқа толы ерекше рухани алаң болды.
Студенттердің пікірінше, мұндай кездесулер олардың ой-өрісін кеңейтіп, кітап оқуға деген ынтасын арттырады.
KazNARU Баспасөз қызметі











