68 ТАЛАПКЕР KazNARU-да ОҚУҒА АЛДЫН АЛА ӨТІНІМ БЕРДІ
Бұл жағымды жаңалық туралы «Алматы көлік және коммуникациялар колледжі» студенттермен болған кездесуден кейін И.В.Сахаров атындағы «Көлік техникасы және технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Марат Шүренов хабарлады.
Колледж директоры Ербол Магазов өз студенттерінің Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жоғары сапалы білім алуды жалғастыруы – болашақта көлік саласының бәсекеге қабілетті білікті маман иелері болып шығуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі уақытта KazNARU тарапынан арнайы құрылған кәсіби бағдар беру мақсатындағы топтар мектептер мен колледждерде өз жұмыстарын белсенділікпен жалғастыруда.
Мақсат – университет факультеттерінің ерекшелігін мектеп бітірушілерге жан-жақты таныстыру; нарықта сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау арқылы олардың қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес кәсіби бағыт таңдауға көмектесу.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Study in Kazakhstan» ауқымды көшпелі білім беру көрмесіне Қабылдау комиссиясының директоры Айнұр Қайырбаева бастаған мамандар қатысуда.
Мамандар көрме барысында мектеп бітіруші түлектермен тікелей кездесіп, KazNARU тарихы мен білім беру бағдарламаларын түсіндіріп, оқу ордасының жетістіктері туралы ақпараттар беріп, сұрақтарына толық жауап қайтарды.
Сонымен қатар, барлық факультеттер мен кафедралардың пофессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттер жер-жерде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде.
Мысалы, «Инженерлік технологиялар» факультетінің «АТ және МЖ» және «Энергетика және электротехника» кафедраларының қызметкерлері Б.Тастемірова; Д.Сарсенов, Ф.Төрегельдиева кезекті кестеге сәйкес, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында болып, жастармен кездесті.
«Инженерлік технологиялар» факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының оқытушысы Маржан Тайжанова Жамбыл облысы, Меркі ауданының Ақкөз Қосанұлы атындағы және Сыпатай Әлібекұлы атындағы орта мектеп бітіруші түлектеріне кәсіби бағдар жұмысын жүргізіп қайтты. Олар тиісті ақпараттар таратумен қатар, талапкерлерді QR-код арқылы университеттің абитуриенттер базасына тіркеуді ұйымдастыруда.
Кәсіби бағдар беру жұмыстары жалғаса бермек.
KazNARU Баспасөз қызметі